Наурыз-2023: “Ұлы қазақ ойындары” жобасының жеңімпазы анықталды

77

Бүгін этно-ауылда дүбірлі той.  Шымкентте 3 күн қатарынан Ұлыстың ұлы күні тойланып жатыр. Мұнда қаз қатар 173 киіз үй тігілген. Онын ішінде әр облыстың өз үйі бар. Олар Шымкент халқына ән-жыры мен сый-сыятапын алып келіпті.


Этно-ауылға кіре берісте жер жаннаты Жетісу ауылына кезігесіз. Жетісулық ағайын Шымқалаға 4 бірдей музей мұрасын алып келіпті

Жұматай Оспанұлы, “Жетісу” облыстық газеті редакторының орынбасары: “Жер жәннаты Жетісудың табиғатын сезіндіру үшін керемет суреттер көрмесін алып келдік. Жетісу десе Ілияс Жансүгіров еске түседі. Себебі Ілияс атамыздың өскен жері, кіндік қаны тамған жер. Сондықтан өзімізден бірге Ілияс Жансүгіровтың кілемге тоқылған суретін алып келдік”.

Ең үздік киіз үй номинациясын Абай облысы жеңіп алды. Олар Алаш зиялылары мен Абай мұраларын Шымқала тұрғындарына таныстырды.

Абай облысы Наурыз тойға Абай Құнанбайұлының алғашқы арабша жазылған қолжазбасын алып келген. Семейлік мамандар тарихтан сыр шертетін туындыларын жас ұрпаққа дәріптеді.

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры: “Семей Алаш зиялыларының мекені. Мұнда алғаш телеграф қолданды. Алғаш ұлт зиялылары футбол ойнады. Алғашты театр да осында қойылды. Біз оңтүстік өңірге сол телеграфты көрсетуге алып келдік. Сонымен қатар Абай атамыз бен ұрпақтарының мұраларынан да көрме жасадық”.


Сонымен қатар бүгін су жаңа атшабарда “Ұлы қазақ ойындарының” ақтық сайысы өтті. Онда аударыспақ, көкпар, қазақ күресі сынды бірқатар спорт түрінен жерлестеріміз бақ сынады.

Қазақтың ұлттық ойындарын тамашалауға шымкенттіктермен қатар шетелдік азаматтар да келіп көріп, өз таңданысын жасыра алмады.

“Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Таң атқалы бері бірнеше ойын түрін тамашаладым. Ерекше ұйымдастырыпты. Бізге халықтық жан салып жанкүйер болып жатқаны ұнады”.

 “Мен бұған дейін де Қазақстанда болғанмын. Бірақ Наурыз той бірінші рет сіздердің елдеріңізде тойладым. Ерекше әсер қалдырды. Маған шымкенттіктердің қонақжайлылығы қатты ұнайды” – дейді шетелдік қонақтар.


Аударыспақ ойынында түркістандық білекті балуан 90 келі салмақта 1 орынды иеленді. Оның бұл спорт түрімен айналысып келе жатқанына 10 жылдан асқан. Қазақстанның 9 дүркін чемпионы өз жеңісін қазақ еліне арнады.

Есімхан Рахматылла, спортшы: “Мен балуанмен ойын көрсеттім. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан елінің спортшылары да болды. Төккен терім мен бір Алланың арқасында осыған жеттім. Жеңісімді қазақ еліне арнаймын”.

Көкпар ойынынан ақтық сында Қазақстан мен Қырғызстан құрамасы 1 орынға таласты. Ұлттық ат спортынан 11:2 есеп айырмасымен ел мақтаныштары жеңіске жетті.

Ұлы қазақ ойындарына 1000-нан аса спортшы қатысты. Олар 3 күн бойы ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті. Еліміздің 17 өңірі мен шетелдік спортшалар қатысқан бәсекені ҚР Мәдениет және спорт министрі мен Шымкент қаласының әкімі тамашалады.

Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі: “Мен биыл Наурыз мерекесін Шымкентте қарсы алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Барша қазақ елін Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Қызғалдақты қала Шымкентте ұлттық мейрам ерекше аталып өтті”.

 Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: “Шымкент тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын. Бүгін ерекше көңілді мерекенің куәсі болып отырмыз. Ал мерекеге орай біздің халықаралық талапқа сай атшабарымыз ашылды. Бұл қаламыздың табысы”.

Ұлыстың ұлы күніне арналған мерейлі мерекеде ұлттық спорттық ойын, киім, өнер мен тағам түрлерінен сайыс өткізді. Жарыс қорытындысымен шара жеңімпаздары 300,500 мың және 1 млн. теңгелік сертификаттарға ие болды. Сонымен қатар аламан бәйге жүлдесі Шымкент жас өрендерге бұйырды.