Микробқа қарсы препараттарға төзімділікке (МҚТ) қарсы іс-қимыл мәселесі жүйелі шараларды қабылдауды және препараттарды ұтымды қолдануды бақылауды одан әрі күшейтуді талап ететін бүкіл әлем үшін өзекті проблема болып қала береді. Жыл сайын әлемде антибиотиктерге төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекциялар салдарынан 700 мыңға дейін адам қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылға қарай мұндай өлімнің саны 40 миллионға жетуі мүмкін.
Қазақстанда 2027 жылға дейінгі кезеңге арналған «Қазақстан Республикасында микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі шаралар туралы» Жол картасы іске асырылуда. Сонымен қатар, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, антибиотиктерді бақылаусыз қолдану, препараттарды заңсыз сату және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі сияқты бірқатар мәселелер өз шешімін таппай отыр.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы Эрик Байжүнісовтің айтуынша, микробқа қарсы препараттарға төзімділік бүгінде жаһандық және ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне төнген ең күрделі қауіптердің біріне айналып отыр.
ҚДСҰО деректері бойынша Қазақстан антибиотиктерді тұтыну құрылымы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған көрсеткіштерге әлі қол жеткізген жоқ. Атап айтқанда, «Access» «базалық» тобына жататын антибиотиктерді тұтыну үлесі (ДДҰ ұсынған және ең жиі кездесетін инфекцияларды емдеуде қолданылатын негізгі препараттар) кемінде 70% болуы тиіс болса, қазіргі көрсеткіш 38,3%-ды құрайды. Сонымен қатар, төзімділіктің қалыптасу қаупі жоғары «Watch» тобы антибиотиктерін тұтыну деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.
«Микробқа қарсы төзімділік тек медициналық мәселе шеңберінен шығып, денсаулық сақтау саласындағы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналуда. Төзімділікті тиімді тежеу үшін зертханалық мониторингті күшейтуден бастап антибиотиктерді ұтымды қолдану мәдениетін қалыптастыруға дейінгі жүйелі шаралар қажет», – деп атап өтті Эрик Байжүнісов.
Антибиотиктерді бақылаусыз қолдану мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді: қолданыстағы шектеулерге қарамастан, антибактериялық препараттар дәрігердің рецептісінсіз, оның ішінде онлайн-сервистер мен цифрлық платформалар арқылы сатылуын жалғастыруда. Бұл өз кезегінде өзін-өзі емдеу жағдайларының және антибиотиктерге төзімділіктің артуына ықпал етеді.
Жуырда өткен алқа отырысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова микробқа қарсы төзімділікті одан әрі тежеу үшін нақты практикалық шешімдерге көшу қажеттігін мәлімдеді.
«Біз бұл мәселені ұзақ уақыт бойы талқылап келеміз, енді сөзден іске көшетін уақыт жетті. Бұл проблеманың негізгі құрамдас бөлігі – микробқа қарсы препараттарды бақылаусыз қабылдау және көптеген басшылардың осы қауіптің маңыздылығын толық түсінбеуі», – деп атап өтті министр.
Осыған байланысты ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура бағдарламаларына микробқа қарсы төзімділік мәселелеріне арналған пәндерді енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар, антибактериялық препараттарды рецептісіз босатуды бақылау күшейтіледі, дәрілік заттарды таңбалау жүйесін қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ төзімділіктің даму қаупі төмен антибиотиктерді тіркеуге басымдық беріледі.
«Бірыңғай денсаулық» қағидаты шеңберінде Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы микробқа қарсы төзімділік бойынша эпидемиологиялық қадағалауды кеңейтеді. Өңірлерде микробиологиялық зертханаларды жабдықтауға және олардың жұмыс тиімділігін арттыруға басымдық беріліп, госпитальдық эпидемиологтарды, бактериологтарды және клиникалық фармакологтарды оқыту жүргізіледі.







