Сарыағаш ауданы аумағында жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруін бақылау мақсатында Сарыағаш аудандық полиция бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері бірлесіп түнгі рейдтік іс-шаралары ұйымдастырылды.
Рейд барысында Сарыағаш қаласындағы дәмханалар, ойын-сауық орындары және орталық көшелер тексерілді. Нәтижесінде түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 10 жасөспірім анықталды.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуына жол берілмейтіні түсіндіріліп, олардың заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделді.
Құрметті аудан тұрғындары және ата-аналар!
Кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде жүруіне жол бермеулеріңізді сұраймыз. Заң талаптарын сақтау – бала қауіпсіздігінің маңызды кепілі.







