Сарыағаш аудандық полиция бөліміне есірткі контрабандасы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметінен хабарлама келіп түсті. Аталмыш хабарламада «Жібек жолы» өткізу пунктінде шекарашылар мен «Линда» атты қызметтік иттің көмегі арқылы тыйым салынған затты тасымалдауға күдіктінің анықталғаны көрсетілген.
Шекарашылардан ақпарат алысымен оқиға орнына жедел тергеу тобы шықты. Белгілі болғандай, Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына жаяу өтіп бара жаткан жас жігітке қызметтік ит белгі берген. Сарыағаштық тәжірибелі тәртіп сақшылары сезіктінің Тәжікстан азаматы екенін анықтады.
Ер адамға кейінге қалдырылмайтын тінту шарасы жүргізіліп, оның спорттық шалбарының сол қалтасынан және шалбардың белінен күмәнді есірткі затына ұқсас зат табылды. Тәркіленіп алынған 2 орамадағы зат бірден сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы оның 1 грамға жуық «гашиш» екенін растады.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.