Жоғалған аңшының туыстары іздеу тобын күшейтуді сұрайды

193

Бәйдібек ауданында осыдан 5 күн бұрын жоғалып кеткен аңшы әлі іздестіріліп жатыр. 24 ақпан күні Арыстанды өзенінің жағалауына құс атуға барған екі аңшының біреуі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Ал жанындағы аман оралған серігі оның қамыс арасына кіріп, қайта шықпай қалғанын айтыпты. 38 жастағы ер адамды іздестіруге аудан мен облыс құтқарушыларынан бөлек, ерікті тұрғындар да атсалысып жатыр. Дегенмен, әзірге нәтиже жоқ. 

Бұл 24 ақпан күні жоғалып кеткен аңшының әкесінің жанайқайы. Ол 5 күннен бері табылмаған ұлын іздестіру жұмысын күшейтуді сұрайды. Нұрлан Аймаханбетовтың туыстары іздеу тобының тірлігіне көңілі толмайтынын ашық айтып отыр. Сөздерінше, жұмыс күші аз, ал іздеу баяу жүріп жатыр.

Тұрдыбек Таңсық, туысы: «Келді, мамандар келіп жатыр. Олардың жұмыс істеп жатқанына біздің көңіліміз толмай отыр. Неге десеңіздер, бұл жерде олардың 2 ғана сүңгуір бар, 10-15 жүру керек негізі, ал оларда екі ақ баллончик бар. Біреуі істесе, біреуі запаста тұрады. Мына сүңгуірлер жұмыс істеп жатқан жоқ. Әңгіменің ашығы мыналар дым жұмыс істей алмайды. Сүңгуірлердің түсіп жатқан жеріне біз аяқпен етікпен барып қойып жатырмыз».

24 ақпанда жоғалған аңшының жанында сол күні жолдасы да болған. Дін аман қайтқан ол серігінің қамыс арасына кіріп, қайта шықпай қалғанын айтыпты. Кешкі 20:00 шамасында жолдасын жоғалтқан аңшы жақын маңдағы қойшының үйіне барып, көмек сұраған көрінеді. Жәрдемге асыққан қойшының ұлы, телефонмен сөйлескен сәтте, аңшы өзінің судан шыға алмай тұрғанын, әбден әлсіреп қалғанын айтқан екен.

Думан Ұласхан, куәгер: «Желге қарсы жүр деп едік, жүруге шамам жоқ деді. Су қай жеріңнен келеді деп едік, мойнымнан деді. Онда мылтық ат біз баруға тырысамыз деп едік, шамам жоқ деді. Онда біз мылтық атамыз, фонарик лақтырам қарап тұр дедік. Мылтық атқан кезде жаңағы кісіге қара дедік, қарадым деді. Сонымен біз фонарик лақтырдық, көрдіңіз ба дедік, көрдім деді. Соған қарай фонарик жағыңызшы дедік, телефон бетін жаққандай болды. Біз экран бетін көргендей болдық».

Бүгінде іздестіру тобына жақын маңдағы ауыл-аймақтан 100-ден астам адам ерікті түрде қосылған. Олар су көлемін азайтып, іздеу жұмысын жеңілдету мақсатында өзенге келіп құятын каналдарды қолдан бекітіп, бөгет жасап жатыр. Сөздерінше, Жүзімдік ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан өзен жағалауына келіп кету қиынға соққан соң, қазір жақын маңдағы мектептің спорт залында түнеп жатыр екен.

Ал төтеншеліктердің мәліметіне сүйенсек, оқиға орнында аудан мен облыс құтқарушылары күндіз-түні іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр. Тіпті әуеден дронмен шолу да жасалған. Мамандар іздестіруге табиғи кедергілердің кесірі тиіп жатқанын айтады. Бүгінде жоғалған аңшыны іздеуге 82 жеке құрам, 8 техника, 4 жүзу құралы жұмылдырылған.

Талғат Досалиев, Түркістан облысы ТЖД- нің төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы: «Қазіргі таңда 82 жеке құрам, 8 техника, 4 жүзу құралы жұмылдырылған. Одан бөлек халықтан 100-ге жуық адам жүр. Оның ішінде 60-70 волонтер етіктерімен келіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылмай жатқан себептері өте көп болуы мүмкін. Егер де құлайтын болса, лай су аяғында резеңке етік болған, егер құласа лай судан көрінбейді».

Нұрлан Аймаханбетовпен бірге аңға шыққан серігімен байланысу мүмкін болмады. Дегенмен, төтеншеліктер соның мәліметіне сүйеніп іздеуді жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, мамандар бұл іске тағы да жұмыс күшін тартуы мүмкін екенін айтады. Ал ең қорқыныштысы алдағы күндері жаңбырлы ауа райы күтілуде. Егер қатты жауын жауса, іздеу тағы да қиындай түседі дейді мамандар.