Келес ауданында ер адамды тонап кеткен 5 күдікті ұсталды

64
Қылмыстық топ

Түркістан облысы Келес ауданда брокер боп істейтін тұрғынды қылмыстық топ мүшелері аяусыз ұрып-соғып тонап кеткен. Осылай деген ер адам полицияға арызданған.

Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді. Полиция полковнигінің айтуынша, жәбірленушіге белгісіз ер адамдар түнгі уақытта шабуыл жасаған. Күдіктілер тұрғынды ұрып-соғып, ішінде 360 мың теңге, 2000 АҚШ доллары және 57000 рубль, сондай-ақ «Iphone» маркалы екі телефоны болған барсеткасын тонап кеткен. Келтірілген материалдық шығын шамамен 2 700 000 теңгені құрады.

Тонау

«Бұл жайт Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі «Тонау» бойынша тіркелді. Жүйелі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде біз 6 күдіктіні ұстадық. Олар Келес ауданы мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Заттай дәлел ретінде екі ұялы телефон мен ұрланған ақшаның бір бөлігі тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілердің екеуі Келес ауданындағы кеден бекеті аймағында жұмыс істейтіні, олар жүк көліктерінің жүргізушілері мен брокерлерді бопсалаумен айналысқаны анықталды»,-деді Құрманбек Сахов.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы және оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.