«Қарызын қайтара алмай ажал құшты»: Пирамида құрбандары әділдік іздейді

239

«Гарант-24» — ке алданғандар қарызын қайтара алмай, қайтыс болып жатыр. Бүгін қаржылық пирамиданың құрбаны болған шымкенттіктер сот алдына жиналды. Жұрт не үкім шығармай, не ақшаны қайтармай халықты әбден әбігерге салып жатқан фемида өкілдеріне қапалы.

«Мен 3 млн. салғам. Кредит әлі төлеп жатырмын. Бір тиын үйге пайдам жоқ. Келінге жексұрын, балаға жексұрын, үйге жексұрынбыз»,-дейді жәбірленушілер.

Жарнамасы жер жарған «Гарант-24» құрбандары әлі күнге дейін әділдікке жете алмай жүр. Айтуларынша, 3,5 жылдан бері сот табалдырығын тоздырып келеді. Ал сот процесі сағызша созылып жатыр дейді ашынғандар. Салдарынан алдағандардың арасында ақшасын қайтармақ былай тұрсын, отбасынан айырылып, тіпті ажал құшқан салымшылар да бар көрінелі.

Әлпайым Жүнісова, жәбірленуші: «Осының кесірінен менің сыныптасым 10 млн. салған. қайтыс болып кетті. Отбасының арасында ажырасып жатыр. Көп адам ажырасып кетіп жатыр. Балалар жетім қалып жатыр. Осы бізді «Гарант 24″ бізді алдап соққан алаяқтардың кесірінен».

Жәбірленушілер сөзінше қаржылық пирамидаға 2 мыңға жуық шымкенттік алданған. Ең кемі 1 млн. теңге берсе, ең көбі 62 млн. теңге қаржысын сеніп тапсырған. Енді бұл соманы қайтармақ түгілі бізді тізімнен қысқартып жатыр дейді жиналғандар.

Кенжеайым Сейтметова, жәбірленуші: «Бірінші сот болды. Бірінші істе 900 адам болды тізімде. Екінші бөлектетілген істе 270 адам болды. Соның ішінде өзім жоқпын. Көп адамдарды осылай алып тастаған сөйлейтін. Талабым менің ақшаны тезірек қайтарып берсін. 8 млн. 790 мың. Мен кредит алып, кредитті де салғанмын. Міне әлі төлеп жатырмын. Әлі 2 жыл төлеймін».

Қазақстан бойынша 13 аймақтың тұрғынын тақырға отырғызған қаржылық пирамида ісі қазір Ақтөбеде қаралып жатыр. Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, үкім 5 қыркүйекте шыққан. Бірақ даулы іс аппеляцияға өткен.

Айжамал Сүндетова, Ақтөбе облыстық сотының ақпараттық бөлім басшысы:
«Іс бойынша 48 адам сотталушы. 17268 адам жәбірленуші болып табылады. Қылмыстық іс 3786 томнан тұрады. Іс көлеміне байланысты аталған қылмыстық іс 2023 жылдың 31 қаңтарынан бастап қазіргі уақытқа дейін аппеляциялық тәртіпте Ақтөбе облыстық сотында қаралуда».

Жәбірленушілер саны қысқаруы мүмкін емес деген сот өкілдері аппеляцияның жуық арада аяқталмайтынын айтты. Ал жанайқайымызды еститін бір жан табылмады деген азаматтар енді президентке хат жазуға ниеттеніп отыр.