Қызыл кітапқа енген «грейг» қызғалдақтарын жұлғандар іздестіріліп жатыр

188

Түркістан облысының полицейлері Қызыл кітапқа енген «грейг» қызғалдақтарын жұлғандарды іздестіріп жатыр.

Жазық далада Қызыл кітапқа енген «грейг» қызғалдақтарын жұлғандардың бірнеше видеосын Ғани Назарбек есімді Facebook белсендісі жариялады. Бұл Шымкент-Түркістан тас жолы бойындағы Темірлан ауылы маңында орын алған. Автордың мәліметінше, мұндай жағдай қазіргі кезде облыс аумағында жаппай орын алып жатқан болуы мүмкін.

Желіде жарияланған бейнежазбалар бойынша полицейлер пікір білдірді. Облыстық Полиция департаментіндегілер бейнежазбадағы азаматтардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Грейг»  қызғалдақтарын  қызықтап  демалып, суретке түсу үшін  келген азаматтар мен қонақтар,  аталған өсімдіктің  Қызыл  кітапқа енгендігін,  ол үшін ҚР ҚК-нің 339-бабына сәйкес,  қылмыстық  жауапкершілік  қарастырылғандығын ескертеміз» деп атап өтті ведомстводағылар.