«Қызыл өрік». Оңтүстік Кореяда өткен тойда жас жұбайлар ортаға қазақша әнмен билеп шықты

21214

Оңтүстік Корея еліне тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойын қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Салтанатты шараның видеоларын сол елде тұрып жатқан қалыңдықтың құрбылары ТікТок парақшаларында бөліскен.

Екі жастың шаңырақ көтеру тойы Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында наурыз айының соңында өткен. Жастардың қуанышты сәтін бөлісуге туыстары, жақындары мен достары жиналған. Ерекше атап өтерлігі, қалыңдықтың туыстары тойға қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерімен келген. Және той басталған сәтте ортаға қос құдағи шығады. Онда күйеу жігіттің анасы кәрістің ұлттық киімі — ханбок, ал қалыңдықтың анасы қазақтың камзолын киіп алғанын байқауға болады.

Қызық жас жұбайлардың той төріне шыққан сәтінде болған. Олар қазақ әншісі Ақылбек Жеменейдің орындауындағы «Қызыл өрік» әніне билеп, қонақтардың көңілін көтерді.

Бұл видео желіде қызу талқыланып жатыр.

«Бақытты болыңдар! Тойлары қандай керемет», «Күйеу жігіт мәз ғой», «Осы «Қызыл өрік» шетелде әлі хит-ау», «Мықты, қазақ әні Кореяда», «Қызыл өрік» хит», «Кореядағы ең керемет той болған шығар. Олар мұндай музыка қоймайды, біздің ән жарды ғой», «Кәрістер мен қазақтардың рухани мәдениеті, менталитеті, тәрбиесі ұқсас келеді. Сол себепті тез тіл табысып, отау құрып жатады» деп жазды желідегілер.

Айта кетейік, кәріс отбасына келін атанған қазақ қызы Маржан Сұлтанова есімді бойжеткен. Ал күйеу жігіттің есімі — Сан Хеник.

Екі жастың әлеуметтік желі парақшаларындағы ақпаратқа сенсек, олар 2019 жылы некелерін қидырған көрінеді. Соған қарағанда тойды араға бірнеше салып өткізуге шешім қабылдаған сияқты.