Емханада тіркелушілер саны 20 мыңнан аспау керек. Ал ол үшін әр елдімекенде емхана салынуы маңызды. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов халықпен кездесу барысында айтты. Сөзінше, медициналық көмектің сапасын арттыру үшін дәрігерлердің жүктемесін азайту қажет.
«Шымкенттіктер өз емханасына 20 минутта жетуі керек». Осылай деген қала әкімі, қазір дәрігерлердің жүктемесін азайтып, медициналық көмектің сапасын арттыру-басты мақсат екенін айтады. Сондықтан үшінші мегаполисте әр елдімекенге бір емхана салу жоспарланып отыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Алдағы мақсат-64 мыңнан 21 мыңға түсіру. Әр емханада 21 мың адамнан аспауы керек. 2022 жылы 28-мыңға жеттік, ал 2025 жылы 21 мыңға жетуіміз керек. Ол үшін әр елдімекенде емхана салуымыз керек».
Шымкенттің бас дәрігері Нұрлыбек Асылбеков те әр елдімекенде-бір емхана салу жұмысы қарқынды жүріп жатқанын айтады. Мәселен, 60 мыңнан астам халық қоныстанған Қайнарбұлақ елдімекеніндегі емхана қазір тек 3 мың пациентке ғана қызмет көрсетеді. Сондықтан, бұл аумаққа үлкен медициналық мекеме салу жоспарда бар.
«Ол кісі бізге сәуір айында хат жолдапты. Жақында 1 гектар жерді сатып алып жатыр екен. Биыл барлығын заңдастырамыз. Келесі жылы толық салып бітіреміз»,-деді Нұрлыбек Асылбеков.
Жалпы қазіргі таңда қалада 51 емхана қызмет көрсетеді. Оның 14-і мемлекеттік, 37-і жекеменшік. Бірақ, қала әкімі қазір жекеменшік және мемлекеттік емханалардың халыққа медициналық қызмет көрсетуінде ешқандай айырмашылық жоқ екенін айтады. Сондықтан, алдағы уақытта жекеменшік әріптестік ретінде салынатын медициналық мекемелер санын арттыру жоспарланып отыр.
«Көбі жекеменшік емханадан қашып жатады. Бұл дұрыс емес. Қазір екеуінің де қаржыландырылуы бірдей. Яғни, барлығы жан басына қаржыландыру бойынша қызмет көрсетеді. Сондықтан айырмашылық жоқ»,-деді қала басшысы.
Емхана салып қана қоймай, көрестілетін медициналық көмектің сапасына да назар аудару керек. Қала басшысы қазір талап күшейіп жатқанын айтады. Сондай талаптардың бірі, болашақта бой көтеретін мекемелер заман талабына сай медициналық құрылғылармен толық қамтылуы керек.