«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы мен басқа да қызметкерлере қатысты қылмыстық іске сот нүкте қойды. Сотталушылар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны үшін жүйелі түрде пара алып келген.
Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы, филиалдың еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы, сондай-ақ «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің жетекші маманы мен басқалар парақорлық үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook парақшасында жазды.
Аталған адамдар туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастырғаны үшін, сондай-ақ қызмет бойынша жалпы қамқорлығы үшін жүйелі түрде 20 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алған.
Сотталғандарға 200 мыңнан 13 млн теңгеге дейін (жалпы сомасы 18 млн теңгеден астам) айыппұл түрінде жаза тағайындалып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.