Шымкенттіктер динозаврларды тамашалай алады

120

Шымкентте динозаврлар көрмесі ашылды. Ерекше көрмеде қала тұрғындары мен қонақтары ежелгі уақыт алыптарымен танысып, олардың шығу тарихына тереңірек үңіле алады. Көрмеде көне дәуірде өмір сүрген динозаврлардың ондаған түрі қойылған.

Шымкентте динозаврлар көрмесі ашылды. Онда келушілер миллиондаған жыл бұрынғы Юра кезеңіне саяхаттап, алып жануарлар өмір сүрген дәуір туралы толығырақ біле алады. Мұнда қойылған экспонаттардың биіктігі 3 метрге дейін жетеді.

Көрменің 4 залында көне жануарлардың трицерАтопс, диплодок және тирранозавр рекс секілді бірнеше түрі қойылған. Динозаврларды ұстап көруге, олармен суретке түсуге де болады. Көрме қазірдің өзінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналды. Ерекше экспонаттар балалармен қатар ересектерді де таң қалдырмай қоймайды.

Владимир Артемов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Балам мұнда келгеніне өте риза, ол ғана емес, бәріміз керемет әсер алдық. Мұнда баланы қызықтыратын динозаврдың түрлері бар. Келіп, көруге кеңес беремін».

Көрмеде тек экспонаттарды тамашалап қана қоймай, тарихқа көз жүгіртіп, динозаврлар туралы тың әрі қызықты мәліметтерге қол жеткізуге болады. Әр экспонаттың жанында ежелгі алып жануарлардың қалай өмір сүргені, немен қоректенгені және сол дәуір туралы сенімді ақпарат жазылған тақталар орналасқан.

Наталья Швабауэр, аға менеджер: «Біздің көрме Санкт-Петербургтен келді. Коллекциямызда балаларға ұнайтын онға жуық динозаврдың түрі бар. Балаларға олардың шынайы көрінуі, қозғалып, қимылдауы ерекше әсер қалдырады. Әрі оларға динозаврлардың тарихы өте қызық. Бұл тек жас ұрпаққа ғана емес, ересектерге де қызық дүние».

Көрмеден кейін кішкентай келушілер қағаз бетіндегі динозаврларды түрлі-түсті қарындаштармен бояп, безендіре алады. Ал ата-аналар үшін балаларына естелік ретінде алып жануарлардың кішірейтілген көшірмелерін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Шымкенттегі көрмені 23 сәуірге дейін тамашалауға болады. Жұмыс уақыты демалыссыз таңғы сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін.

Мекен жайы: Шымкент қаласы, Мәделі Қожа көшесі 2Б (Абай саябағындағы бейнелеу өнері музейі)

Анықтама телефоны: +7 (707)782 72 87, +7 (708)503 22 94

Жұмыс уақыты: күн сайын 10:00-ден 19:00-ге дейін үзіліссіз