Шымкентте Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері марапатталды. Қала әкімі елімізге ерлікпен қызмет етіп, өздерін мінсіз көрсеткен офицерлерге алғыс хаттар мен төс белгілер табыс етті. Шара Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылды.
Шымкентте Отан қорғаушылар күні аталып өтті. Мегаполис әкімі Мұрат Айтенов әскери қызметкерлерді алдағы мерекемен құттықтады. Бұл жұмысқа асқан жауапкершілік қажет екенін атап өткен қала басшысы олардың отан алдындағы қызметі мен туған жерге деген адалдығын тілге тиек етті.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздер отан қорғаушылар мерекесімен құттықтаймын. Бүгінде дайындық деңгейі жоғары, жауынгерлік рухы асқақ, заманауи қару-жарақ және әскери техникамен жабдықталған. Айбынды армиямыз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің берік қорғаны болып табылады».
Шара барысында 8 әскери маман қала әкімінің Алғыс хатына ие болды. Тағы 10 қызметкер мінсіз қызметі үшін медалімен марапатталды. Бұл медаль 10 жылдан астам өмірін Отанға қызмет етуге арнаған жандарға беріледі. Азиза Қасқаралова бүгін марапатқа ұсынылған жалғыз әйел. Ефрейтор шеніндегі нәзік жанды еліміздің қарулы күштерінде 15 жылдане бері қызмет етіп келеді.
Азиза Қасқаралова, эфрейтор: «Көңіл-күйім өте керемет. Осылай марапаттап, құттықтап жатыр. Қуаныштымын. Жалпы бұл мейрам тек ер азаматтардың мейрамы емес. Нәзік жандылар да отанын қорғауға әрдайым дайын».
Жалпы биыл ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 31 жыл. Осы жылдар ішінде ұлттық армия түрлі даму сатыларынан өтіп, жылдан жылға қуаты артып келеді. Бұл салада 20 жылдың еңбек өтілі бар Медғат Мадрахимов әскерилерге қойылатын талап қатаң дейді. Әр іске жауапкершілікпен қарап, отанға адал қызмет ету керек екенін айтады.
Медғат Мадрахимов, С.Рахымов атындағы «Жасұла»н мектебі бастығының орынбасары:
«Біздің қызметіміз, отан қорғау, Қазақстан республикасының патриот азаматтарын тәрбиелеу болғандықтан күн тәртібіне сәйкес таң атқаннан күн батқанға дейін жеке құраммен бірге қызмет атқарудамыз».
Жалпы соңғы кездері әскери қызметкер болғысы келетін жастар көбейген. Мұны жоғары әскери оқуға түскісі келетіндердің санынан аңғаруға болады. Статистикалық мәлімет бойынша 1 орынға 3-4 адамнан келеді екен.