Түркістанда аса ауыр және ауыр қылмыстардың саны 14,3 %-ға, ауыр қылмыстардың – 15,1 %-ға, орта және ауыр емес қылмыстар 8,1 %- ға төмендеген. Бұл туралы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының мәжілісінде айтылды.
Жиында бірінші тоқсандағы қылмыс деңгейі, қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдеріне полиция органдарымен бірлесіп бір апта ішінде қылмыстардың алдын алу үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Кентау қаласы, Мақтаарал, Отырар, Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сайрам аудандарында бұл бағыттағы жұмыс ойдағыдай болмай тұр. Аудан, қала әкімдері осы жұмыс тобымен бірлесе жұмыс атқарып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесін жеке бақылауға алыңыздар”.
Бірінші тоқсанда қоғамдық орында жасалған қылмыстар да 28 %- ға төмендеген. Ал жол көлік оқиғалар саны 4,5 %-ға азайып отыр. Бірақ өкінішке орай жол апатынан қаза болғандар 66 пайызға өскен.