Д.Сатыбалды: «Түлкібас-туризм мен өндірісті дамыту үшін қолайлы аудан»

64

Түлкібас ауданында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен көшпелі отырыс өтті. Жиында ауданды дамытудағы мәселелер талқыланды. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарын таныстырды. Ал облыс басшысы әлі де жұмыс қарқынын күшейту қажет екенін айтты.

Түлкібас ауданында 2025 жылға дейін 1606 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 84,6 млрд. теңгеге артады. Бұл туралы облыс басшысына есеп берген аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов айтты. Сөзінше, қазір атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде бюджетке қосымша 6,8 млрд. теңге кіріп, кіріс көлемі ұлғаяды деген жоспар бар.

«Түлкібас ауданында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 18,6 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың жоспары – 23,4 млрд. теңге. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 322,9 млрд. теңгелік 8 жобаны іске асыру көзделген. 2024 жылы «Beibars Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын зауытын салу және «Борсықсай» ЖШС-нің балықтарға арналған жем-шөп өндіретін зауытын салу межеленген. Қалған 6 жобаны 2025 жылы жүзеге асыру көзделген»,- деді Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов.

Ал облыс басшысы Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданы– туризм мен өндірісті дамытуға өте қолайлы аудан екенін айтты. Әрі халықаралық магистраль өтетінін ескере келе мүмкіндікті пайдалану керек деді. Сондай-ақ ауданның тазалығын сынға алып, аудан әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді.

«Барлық аудан, қаланы аралай келе байқағаным – ортақ және ұқсас мәселелер көп. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер де мазмұндас. Рас, көпшілігіне қосымша қолдау, бюджеттен қаржы бөлу керек. Бірақ қолда бар ғимараттарды дұрыс күтіп ұстап отыра алмай жатқан сәттер көп кездесуде. Немқұрайдылықтың салдары тазалық пен тәртіптің нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Түлкібас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен медицина мекемелерінің біразының маңындағы санитарлық тазалық талапқа сай емес. Жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырамын»,-деді облыс басшысы.

Дархан Сатыбалды жаңа инвесторлар тартып, жобалар санын көбейту қажет деді. Сонымен қатар, ауданның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық сала бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.