Келес ауданына қарасты Аққорған елді мекенінде тұратын бір топ азаматтар 1- мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі саналатын Умра сапарына жолға шықты. Бір айта кететіні сапаршылар жолға велосипедпен шыққан. Бұл туралы Біртілек ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Қолдасов мәлімдеді
Әкім орынбасарының сөзінше Біртілек ауылдық округінде өзге ұлттың азаматтары жергілікті халықпен тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қасиетті мекенге сапар шеккен азаматтардың дені өзбек ұлтынан көрінеді.
— 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі ең ірі мерекелердің бірі. Келес ауданындағы ең ірі ауылдық округтерінің бірі болып табылатын Біртілек ауылдық округі аумағында түрлі ұлт өкілдері тұрады. Осында туылып, жергілікті халықпен біте қайнасып кеткен өзге ұлт өкілдері өздерін қазақстандықпыз деп,еліміздің өсіп өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін,- дейді Нұрсұлтан Қолдасов.
Айта кетейік, Келес ауданында 15-тен аса түрлі ұлт өкілдері мекен етіп, жергілікті халықпен ынтымақтастықта ғұмыр кешуде.