Қарулы күштер – Ел Тәуелсіздігінің берік қорғаны

75

 

Бүгін Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Сахна төріне еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты жағдайда шығарылып, Мемлекеттік Гимні шырқалып, көпшіліктің рухын көтеріп тастады.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жауынгерлерді мерекесімен құттықтады.

—Бұл – халқымызға тән батырлықтың және Отансүйгіштіктің мерекесі. Бабаларымыз ақ білектің ұшымен, ақ найзаның күшімен кең байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған.
Бабалардың аманатына адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы.
Себебі, тарих қойнауындағы ерлікке толы жеңісті жолымыз ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ұлттық армиямыз түрлі даму сатыларынан өтіп, жылдан жылға қуаты артып келеді. Бүгінде дайындық деңгейі жоғары, жауынгерлік рухы асқақ, заманауи қару-жарақ және әскери техникамен жабдықталған.
Бір ауыз сөзбен айтсақ, айбынды армиямыз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің берік қорғаны болып табылады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

М.Әйтеновтің айтуынша, әлемде қалыптасқан геосаяси ахуал ел Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастықты қорғауды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қай кездегіден де өзекті мәселеге айналдырып отыр.

—Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін қадір тұтады, – деді шаһар басшысы.

Салтанатты жиында қала әкімі М.Әйтенов бірқатар әскери қызметкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.

Сонымен қатар жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев Қарулы күштердің ардагерлері мен жауынгерлерді мерекесімен құттықтап, мінсіз қызмет атқарған сардарлар мен сарбаздарды марапаттады.

Жиынның соңы Шымкент әскери гарнизоны сарбаздары, қаладағы әскери оқу орындары курсанттары мен эстрада жұлдыздары қатысқан мерекелік концертке ұласты.