Шымкент полицейлері жергілікті тұрғыннан аса ірі көлемде героин тапты

36

Қала аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында, кешкі уақытта Еңбекші ауданының аумағындағы қараусыз қалған ғимараттың ішінде жүрген ер адам полицейлердің күдігін тудырды. Тәртіп сақшыларының жақындағанын байқаған ол ғимараттан шығуға асықты, бірақ сол мезетте ұсталды.

Тексеру барысында полицейлер оның сөмкесінен есірткі салынған 4 дана полиэтилен пакетін алды. Оның бірінде бір реттік дозасы бар «ұнтақ» салынған 49 қаптама табылды.
Жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты жерін анықтап, тінту жұмыстарын жүргізді. 49 жастағы азаматтың үйінен екі пластикалық контейнер мен ұнтақты есірткі заттары салынған бір пакет, сондай-ақ олардың салмағын өлшеуге арналған үстел таразы табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 70 грамнан асатын героин және марихуана екені анықталды.
Аталған жайт, ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді.
Күдікті қамауға алынды. Оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғаны белгілі болды.