Шымкентте 840 азамат алимент төлеуден жалтарған

39

Шымкентте 840 азамат алимент төлеуден жалтарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 135 адамға артық. Олардың ішінде 10 жылға жуық ата-аналық борышын өтеуден бас тартып жүргендері бар. Қазір оларға қатысты іс сотқа өтіп, үкім шығарылып жатыр.

Шымкентте 840 борышкер алимент төлеуден жалтарған. Олардың берешек көлемі 797 млн. теңгеге жеткен. Ал қала тұрғыны Айманның 2 баласы бар. Ол екінші ұлына жүкті кезінде жолдасымен айырылысып кетіпті. Алайда жауапсыз әке балалары алдындағы борышын өтеуден бас тартқан.

”Менің 2 ұлым бар. Бірінші ұлыма бұрынғы күйеуім тегін берді. Екіншімізге жүкті кезде ажырасып кеттік. Баламды мойындамай, тегін де бергісі келмеді. Басында 200 мың берген, бірақ алимент төлеген емес” дейді қала тұрғыны.

Жыл басынан бері 3 борышкерге қатысты сот үкімі шыққан. Ал 2 азаматтың ісі сотта қаралып жатыр. Сонымен қатар 4 тұрғынның үстінен сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүруде. Олардың арасында 7-8 жылдан бері алимент төлемей жүргендері де бар. Оларға сот шешімімен жазалау шарасы қолданылдады.

Бауыржан Мирзалиев, Шымкент қаласы прокуратурасы қоғамдық мүддені қорғау басқармасының аға прокуроры: «Жауапты тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапқа тарту мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК 139 бабына сәйкес борышкерлер қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Оларға 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Алимент төлеуші 3 ай бойы алимент төлемесе, сот орындаушылардың заңына сәйкес борышкерлер регистріне тіркеліп, бұлтартпас шара қолданылады»

Айта кетейік, өткен жылдың алғашқы 4 айында қалалық сот орындаушылар өндірісінде 11 652 іс қаралған. Оның ішінде 705 борышкер алимент төлеуден жалтарған. Олардың берешек көлемі 672 млн теңгені құраған еді. Ал биыл бұл көрсеткіш 135 адамға артқан.