Úı ANONS Өндіріс орны аз, сауда орталығы көп

Өндіріс орны аз, сауда орталығы көп

Бүгінде елде өндіріс орындарына қарағанда сауда нысандарының саны қарқынды өсіп келеді. Себебі сауда орталықтары қысқа мерзімде салынып, табыс әкелсе, өндіріс саласы ұзақ уақыт пен қомақты шығынды талап етеді екен. Сонымен қатар маман тапшылығы да өз әсерін тигізбей қоймайтын көрінеді. Сондықтан кәсіпкерлер ұзақ мерзімді тәуекелден қашқақтайды дейді сарапшылар.

Қазақстанда зауыттарға қарағанда сауда орталықтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мәселен былтыр елімізде тұрғын үйлерді қоспағанда, жалпы 5,5 мыңға жуық ғимарат пайдалануға берілген. Ал оның басым бөлігі сауда нысандары екен.

«Құрылысы аяқталған жобалардың 677-сі сауда саласына тиесілі. Ал екінші орынға агроөнеркәсіп кешені жайғасқан. Бұл салада шамамен 600 жаңа объект іске қосылды. Өңдеу секторындағы көрсеткіштер айтарлықтай төмен. Мұнай-газ және кен өндіруде 8 жоба жүзеге асса, жеңіл өнеркәсіп пен химия саласында – алтау, автокөлік өндірісінде – 5, фармацевтикада небәрі 3 нысан пайдалануға берілген».

Сарапшылар қазіргі экономикалық жағдайда кәсіпкерлер үшін сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендерін салу, зауыт ашудан әлдеқайда тиімді дейді. Себебі бүгінде несие қымбат, онымен қоймай пайыздық мөлшерлеме де жоғары.

РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ҚАРЖЫ МАМАНЫ: «Сауда нысанын бір жылда салып, табыс табуға болады. Ал зауыт ашсаң табысқа шығуға уақыт қажет. Мәселен, қарапайым шеге өндірісінің өзі 3–4 жылда ғана өзін ақтай бастайды. Осы тұста қымбат несие мен жоғары пайыздар бизнесті қысқа мерзімді жобаларға мәжбүрлейді. Дегенмен сауда-ойын-сауық орталықтарының да маңызы бар. Сауда саласы барған сайын ашық әрі айқын бола түсуде»

Өндірістік және технологиялық жобалар уақытты, еңбек пен қомақты инвестицияны қажет етеді. Қымбат құрал-жабдықтар, білікті мамандар және қызметкерлерді оқыту – бәрі де маңызды. Бұл бір жағынан жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, бірақ екінші жағынан бизнестің шығындарын көбейтеді. Оған қоса көрші елдегі өнімдер арзанырақ болғандықтан, импорт кейде жергілікті өндірушілерді нарықтан ығыстырып та жатады.

ЖӘНІБЕК АЙҒАЗИН, AERC БАС ДИРЕКТОРЫ: «Негізінен біз бір моноресурсты пайдаланамыз. Бұл – Голланд ауруының көрінісі және соған байланысты сауда орталықтары салынады, ал зауыттар аз. Сонымен бірге бұл сервистік экономика элементі деп те қарауға болады. Қызмет көрсету өндірісінің үлесі тауар өндірісінен басым болғанда экономика осылай дамиды. Орташа әлемдік экономикада қызмет көрсету 70%-ды құрайды, ал бізде де қызмет көрсету өндірісінің үлесі басым»

Сарапшылардың пікірінше, өндірістерге белсенді қолдау болмаса, арзанырақ импорт өнімдері ішкі нарықта жергілікті тауарларды ығыстырып отыра береді. Сондықтан Қазақстандық тауарлар тек құжаттарда емес, дүкен сөрелерінде де, тұтынушының көз алдында көрініс тауып, сатып алушы саналы түрде отандық өндірушіні қолдай алатындай болуы керек.

Лаура Бабас