«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» ЖШС жылына 3 млн картон қорабын және 10 мың тонна крафт қағазын шығаруда. Қазір шымкенттік тауарлар еліміздің барлық аймақтарына жөнелтілуде.
Макулатура автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен өңделеді. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып отыр. Алдағы уақытта серіктестік жаңа бағыттарды іске қосып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлауда. Бұл желілер жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Оңтүстік» АЭА-да аймақтағы жалғыз 3 және 5 қабатты гофрленген картон өндіруші «KazbioLife» ЖШС кәсіпорны орналасқан. Өндірістік қуаты жылына 60 млн. шаршы метр гофрленген картон және картоннан қаптама қораптарын құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісті кеңейту мақсатында екінші жобасын іске асыруда.
Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Қолайлы инфрақұрылым мен заманауи логистика тың жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде.
Сондай-ақ, аумағы 867 гектарды құрайтын 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.