ВИЧ жұқтырған шымкенттік тұрғын өмірге дені сау сәби әкелді

74

Вич – соңғы шешім емес. Халық арасында осылай аталып кеткен инфекцияның бұл түрімен бүгінгі кейіпкеріміз ұзақ жылдар бойы өмір сүріп келеді. Тіпті, тұңғыш баласына да осындай диагноз қойылған. Бірақ, ол ешқашан мойыған емес. Қайтпас қайсарлығының арқасында ол жақында тұрмыс құрып, өмірге дені сау бала әкелді.

Индира Атажанова ВИЧ инфекциясын жұқтырғанын ешкімнен жасырмайды. Ол бұл диагнозы жайлы 2007 жылы біліпті. Тұңғыш перзенті де осы дертке шалдыққан. Баласы үшін уайымдаған ана сол кезде бәрі бітті, отбасым бұзылады деп уайымдағанын жасырмады. Ең бастысы, ол қайта күш жинап берілмеуге тырысқан.

Индира Атажанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ең бірінші балам үшін уайымдадым. Туған-туыстарым, жолдасым не айтады екен деп ойладым. Өйткені, мен бұл туралы білгенде адамдардың түсінігі басқаша еді, өте қорқынышты. Бұл инфекциямен тек есірткімен айналысатындар, жезөкшелер ғана ауырады деп қабылдайтын. Мен сияқты жап-жас әйел, қарапайым мұғалім қалай бұған шалдықты деп түсінбей ме дедім».

Арадан бірнеше жыл өтті. Бұл ауру туралы тереңірек зерттей бастаған Индира, ЖИТС орталығына тіркеліп, ары қарай өмір сүремін деп шешім қабылдайды. 17 жыл бойы тұрақты дәрі-дәрмек ішіп отырды. Соның арқасында оның қазір жаңа отбасы, күйеуі және дені сау баласы бар.

Индира Атажанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бір ер адаммен таныстым. Оған бәрін айттым, ештеңені жасырғам жоқ. 2020 жылы өмірге сәби алып келдім. Ол қазір 3 жаста. Және жолдасымда да, баламда да ешқандай инфекция жоқ. Анықтау тестілері теріс нәтиже көрсетті. Яғни, толық дені сау бала өмірге әкелдім».

ЖИТС орталығының айтуынша, қазір АИТВ жұқтырғандардың иммунитетін жақсарту үшін барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, адамдар тұрақты түрде келіп, тексеріліп отырса болғаны. Вирус анықталған бойда, ем қабылдаудан қашпау қажет дейді мамандар.

Сырбек Бекен, Шымкент қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың” бас дәрігері: «Бізде бұл инфекциямен ауыратындарға барлық дәрі-дәрмек тегін беріледі. Барлығын осы бізден алады. Жалпы дәрі-дәрмектің бірнеше түрі бар. Яғни бір дәрі қабылдағанымен бірнеше препарттың орнын басатындары да кездеседі».

Бүгінде Шымкенттегі ЖИТС орталығында 2 мыңға жуық адам есепте тұрады. Мамандардың айтуынша, кез-келген қала тұрғыны жұмыс уақыты кезінде орталыққа келіп АИТв-қа қан тапсыруға болады. Жауабы екі күн ішінде дайындалады.