Өткен жылы 5 545 жалған ақпарат тарату фактісі тіркелген. Осыған байланысты бүгін мәжіліс отырысында онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланды. Депутаттар жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Жалпы бұл жоба адам құқықын қорғау үшін әзірленген.
Қоғамда «жалған ақпарат» құрбандары көп. Бірі қаржы пирамидасына алданса, енді бірі ұтыс ойнатып жатқан «блогерлердің» тұзағына түсіп жатады. Бұл бассыздықты тоқтату мақсатында мәжіліс отырысында онлайн-жарнамалар туралы заң жобасы қаралды. Жобаны таныстырған мәжіліс депутаты Айдос Сарым блогерлерден жарнама мен демеуші контентті ашық көрсетуді талап ету қажет дейді. Айтуынша, қабылданып жатқан заң азаматтардың құқығын қорғау үшін жасалған.
«Біздің ойымызша, азаматтардың құқығын қорғап, олардың алданбау, қаржы пирамидаларына тап болмауы үшін әлеуметтік желідегі жарнаманы да, демеуші контентін де айқын көрсетуіміз керек. Әлемдік тәжірибеде бұл бар. Блогерлерден, инфлюенсерлерден осыны талап етеді. Әлемдік тәжірибеде шетелдің мақалы бар «кез келген адам өлім мен салықтан құтыла алмайды» деген»,-дейді Айдос Сарым.
Депутат «жалған ақпарат» деген ұғым енгізу қажет деп есептейді. Қазір әлеуметтік желіде дұрыс емес ақпарат таратқан азаматтарға 20 АЕК, яғни 69 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу қарастырылған. Ал егер ол қайталанса, айыппұл соммасы екі еселенеді. Бірақ халық қалаулысы бұған өзгеріс енгізу керек дейді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Жарнаманың сан алуан түрлерін заңға бекітіп, алдағы уақытта мұның барлығы да ең алдымен Кәсіпкерлік кодекске және жылдың аяғында келетін Салық кодексіне еніп, көлеңкеде, «сұр экономикада» жүрген дүниенің барлығын ашық алаңға шығару, мемлекеттің қазынасын толтыруға пайдалану қажет деп есептейміз»
Айта кетейік, мәжілістің жалпы отырысында депутаттар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелеріне қатысты заңдарды бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ жиында палата спикері Ерлан Қошанов алдағы уақытта Парламент пен Үкімет бірлесе жұмыс атқаруы керек деді. Сондай-ақ болашақта депутаттар Жоғары аудиторлық палатадан барлық деңгейдегі бюджетті барынша сапалы бақылауды талап ететінін тілге тиек етті.
«Бүгін айтылған сыни пікірлер жергілікті бюджеттерге қатысты екенін тағы да атап өтемін. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының жергілікті бюджеттердің атқарылуына да мониторинг пен бақылау жүргізетін құзыреті бар. Қаржы және бюджет комитетінде барлық өңір әкімдерінің бюджеттің орындалуы бойынша есебі екі апта бойы тыңдалды. Біз тек жылдың аяғында осылай сұрап отырмауымыз керек. Мысалы, жазда, күзде өңірлерге шығамыз. Сол кезде әлеуметтік нысандар, басқа да мәселелер бар, бюджеттің орындалуы қалай жүріп жатқанын қарап отыруымыз керек. Пойыз өтіп кеткеннен кейін артынан қол бұлғаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Жаңа қаншама фракция сынап жатыр, бірақ қанша сынаса да, өтіп кеткен бюджет қайта орындалмайды ғой»,-деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс мүшелері қазір заң жобасын қабылдау барысында ең алдымен азаматтардың құқығы қорғалуына баса мән береді. Өйткені халық қалай болғанда да артында күшті мемлекет бар екенін айқын сезінуі тиіс дейді халық қалаулылары.