Қазақстаннан 75 тонна мұнай өнімдерін заңсыз әкетпек болғандар ұсталды. Оларға 16 млн теңге айыппұл салынды.
Биылғы жылдың бес айында Түркістан облысындағы Еуразиялық экономикалық одақ кедендік автомобиль өткізу пунктінде Өзбекстанға жалпы көлемі 42 665 литр мұнай өнімдерін заңсыз әкетпек болған 128 фактінің жолы кесілді. Оларға 4,6 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Сонымен қатар Ресеймен мемлекеттік шекарада орналасқан бірнеше автомобиль өткізу пунктінде мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 427 фактісі анықталды. Жалпы көлемі 32 354 литр өнім тәркіленіп, есептелген айыппұл сомасы 11,5 млн теңгені құрады.
Айта кетейік, 2023 жылғы 31 қаңтардан бастап алты ай мерзімге Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынған.