Шымкенттік тұрғын қолдан Domestos пен Azelit жасап сатқан

33

Шымкенттік тұрғын үй жағдайында заңсыз ыдыс жуғыш зат жасап, саудаға шығарған. 38 жасар азаматтың жасырын қоймасынан 3000 дана DOMESTOS пен 240 қорап Аzelit тәркіленді. Бөтен тауар белгісін қолданған жауапкерге айыппұл салынып, химиялық өнімдер жойылды.

Көзі жойылған 5000 данаға жуық ыдыс жууға арналған бұл сұйықтықты шымкенттік тұрғын үй жағдайында өндіріп, бөтен тауар белгісін заңсыз айналымға шығарған. Мамандар тексеріс барысында 38 жасар азаматтан 1920 дана қазан жууға арналған «Аzelit» пен 3000 дана «DOMESTOS-ты» тәркілеп алды. Күдіктінің үстінен Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 158 бабы негізінде іс қозғалды.

Мейрам Мұхтаров, Шымкент қаласы әділет департаменті мемлекеттік сот орындаушылардың бөлім басшысы: «Бұл жерде мәлімет келіп түскен. Аzelit және DOMESTOS компанияларының сенімді өкілдері өздерінің тауарларын бөтен біреулер жасап жатқаны жайында мәліметтерді ұсынған. Тексеру барысында 1985 жылғы азамат қолдан жасап, сатқаны анықталып отыр. Экономикалық тергеп тексеру департаментінің қатысуымен осы тауарлар анықталды»

Контрафактілік заттарды шығарған азаматқа 138 мың теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Ал тергеу шарасы «бизнесті қорғау» жобасы аясында жүзеге асқан.

Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы: «Жыл басынан бері контрафактілік заттарға қарсы іс-қимыл әрекеті жасалып жатыр. Қазір 2 өнімге қатысты іс ашылды. Нақтырақ айтқанда Доместос пен Азелитті бір азаматтың қолдан жасағаны анықталды. ҚК 222 бабына сәйкес тәркіленген заттар 2000 АЕК-ке жетпеуіне байланысты әкімшілік шара қолдану бойынша іс-құжаттары Әділет департаментіне берілген»

Жауапкердің көлігінен 100 және қоймасынан 140 қорап дайын тауар табылған. Сот шешіміне сәйкес тәркіленген химиялық өнімдер қоқыс аймағына апарылып, арнайы техникамен жойылды.