2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылуда

114

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында облыс аумағында туризм саласының дамуы туралы талқылау жиыны өтті. Еркін форматтағы мәжіліске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық туризм және мәдениет басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әділ Қонысбеков, жауапты сала мамандары мен оңтүстіктің туризм саласы өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жиынға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жауапты басшылар, қонақ үй мен мейрамханалардың негізін қалаушылар, гидтер, туроператорлар, қоғам белсенділері шақыртылды.

Бейсен Дәулетұлы биыл күзде Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен маңызды жиын өткізу көзделіп отырғанын хабарлады. Ауқымды шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылады.
Алдымен туризм саласында облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар таныстырылды. Түркістан өңірінде тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризм бағыттары бойынша жұмыстар атқарылады. Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, облысқа 2022 жылы 470 мың турист келген. 2023 жылдың 5 айында көрсеткіш 100 мыңды құрап отыр. Статистика EQONAQ туристерді есепке алатын бірыңғай ақпараттық жүйесіне тұрақты түрде енгізіледі. Туристік компания мен қонақ үйлердің мәліметі бойынша наурыз, мамыр және тамыз айларында сұраныс жоғары.
Туризм саласына тартылған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда артқан. Бұл тұста жеке инвесторлардың белсене атсалысқаны байқалады. Жыл соңына дейін 16 жоба және 20 оқиғалық туристік іс-шара өткізу жоспарлануда. Әуе рейстерінің аясын кеңейту қолға алынды. Өзбекстан Республикасымен туризмді дамыту келіссөздері жүргізілуде. Қазақстанның өзге де аймақтарымен ынтымақтастық орнатылады.
Басқосуда инфрақұрылымды жүйелеу, экологиялық белсенді және балалар туризмін дамыту, гидтермен тығыз байланыста жұмыс жүргізу және оларды оқыту, ақпараттық-танымдық кітаптар шығару, жобаларды туризм саласының өкілдерімен кеңесе жүзеге асыру жөнінде ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, алаңдатқан сауалдарға жауаптар берілді.
Жиынды ұйымдастырушылар барлық айтылған сындар, көтерілген мәселелер ескерусіз қалмайтынын және облыстың туризм саласын дамытуда бірлесіп нәтижелі іс атқарылатынын жеткізді.