Шымкентте жылына 262 миллион литр сусын шығаратын зауыт салынуда

49

Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында бүгінде «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясының қолдауымен алкогольсіз, газдалған және газдалмаған ауыз су сусындарын шығаратын зауыт салынып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Шымкент қаласына «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясы Қазақстан филиалының директоры Мұстафа Белтекин жұмыс сапарымен келіп, қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесіп, зауыт құрылысының жобасын талқылаған болатын.
Жүргізілген келіссөздерге сәйкес, биыл зауыттың іргетасы қаланып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 30%-ы кестеге сәйкес атқарылған. Аталған зауыттың құрылыс барысымен танысу мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басында болды.
Зауыт іске қосылса 100-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, Сондай-ақ, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 262 миллион литр сусын шығаруға мүмкіндігі бар.
Мұрат Дүйсенбекұлы бұл жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы қаламыздың өндіріс саласына ауқымды серпін беретінін айтты. Зауыт 16 гектар аумақты алып жатыр, құрылысы 2024 жылы аяқталып, өндіріске қосылады.