Төтеншеліктер орманды алқапта өрт-тактикалық оқу жаттығу өткізді

27

Шымкент қалалық Төтенше Жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орман — дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Бұл шара «Жасыл белдеу» орман шаруашылығы аумағында өтті.

Шымкентте орманды дала өрттерін сөндіру бойынша ауқымды жаттығулар өтті. Белгіленген жоспарға сәйкес, егіс алқаптарының айналасына минералды жолақ төсеу кезінде жұмыс істеп тұрған трактордан ұшқын ұшып, жайылымда өрт шықты. Өрт көрші аумақтағы дақылдарға қауіп төндіріп, жергілікті кезекшілердің өрт сөндірушілерден көмек сұрауына тура келді.

Аманбек Бейсембаев, Шымкент қалалық ТЖ департаменті бастығының орынбасары: «Өрт-тактикалық оқу-жаттығу орнына Шымкент ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің және «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің күштері мен құралдары жіберілді. Шартты өрт орнында өрт сөндіру штабы құрылды және квадрокоптердің көмегімен жергілікті жерді барлау және өрт ошақтарын анықтау жүргізілді. Бірлескен іс-қимылдар нәтижесінде өрттің егістікке, орман шаруашылығына және тұрғын үйлерге одан әрі таралуына жол берілмеді, сондай-ақ шартты өртті сөндіру бойынша жұмыстар жүргізілді».

Регламентке сәйкес, оқу-жаттығуда басқару органдары мен орман-дала өрттерін сөндіру күштері мен өзара іс-қимыл жасайтын мекемелер арасындағы ақпарат алмасу тәртібі пысықталды. Сонымен қатар, Шымкент пен Түркістан облысының өртке қарсы ерікті құрамалары мен өрт сөндіру бөлімшелерінің дайындық деңгейі тексерілді.

Дархан Райханов, Шымкент қалалық ТЖ департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы: «Оқу-жаттығуда 12 негізгі техника, қосымша және арнайы құралдар, Өрт сөндіру қызметінен 70 адам, «Жасыл белдеуден» 5 техника және орман шаруашылығынан 19 адам жұмылдырылды. Ал бір топ апатты медицина орталығы филиалы мен 10-216 и 357-48 әскери бөлімнің жеке құрамынан 20 адам қатысты. Сонымен қатар тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету қызметі де белсенділік танытты».

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өрт қауіпті кезең басталғаннан бері Шымкент ТЖ департаменті күшейтілген режимде халық арсында профилактикалық іс-шараларды жиі жүргізіп жатыр.