Шымкентте отбасы банктың жаңа кеңсесі ашылды. Жақын арады мемлекеттік бағдарлама негізінде баспана алуға конкурс жарияланады. Соған орай мекеме өз салымшыларына тиімді жағдай жасап жатыр.
Күміс алқа иесі Мәриям Әшірәлиева көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұр. Биыл жаңа бағдарлама негізінде баспанаға қол жеткізуді армандайды. Сондықтан 2 жасар қызының тұсауын Отбасы банкінің жаңа кеңсесіне келіп кестіріп жатыр. Ол қызының қадамы оңынан болып, жаңа пәтер кілтін алсақ дейді.
Мәриям Әшірәлиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Салтанатты күн. Отбасы банктің жаңа филиалы ашылып жатыр. Соған орай қызымды алып келіп тұсауын кестіріп жатырмын. Осындай жықсы, үлкен кісіге тұсауын кестірсек деп армандап едік. Сол бүгін орындалып жатыр»
Бұл Шымкенттегі он екінші кеңсе. Енді Кереметке келіп, қала орталығындағы тұрғындар кеңес алады. Банктің Шымкенттегі филиал директоры қала халқы үшін барлық жағдайды жасап жатқанын айтады.
Дәурен Саудабаев, «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры: «Тағы бір кеңсемізді ашып жатырмыз. Себебі жақын арада мемлекеттік бағдарлама негізінде жаңа конкурс болады. Кезекте тұрған азаматтар баспанаға қол жеткізе алады. Соған орай халықтың сұранысы артады. Сондықтан қаланың ішінде осы жерге келіп, осындағы мамандардан кеңес алуына болады. Бұл өз салымшыларымызға жасап жатқан жағдайымыз деп білемін»
Жаңадан басталадын «5-10-20» бағдарламасы негізінде 500 пәтерге конкурс өткізіледі. Оған кезекте тұрған кез келген жан қатыса алады. Ал өтініштер Отбасы банктің баспана маркет онлайн ресурсында қабылданады.