50 литрлік газ баллонын өрт ішінен алып шықты

36

Шымкенттік құтқарушы 50 литрлік газ баллонын өрт ішінен алып шықты. Оқиға Қайнарбұлақ саяжайында орын алған.

Бүгінгі күннің батыры Нұрсұлтан Әбдікәдіров лаулаған жалын ішінен 50 литрлік газ баллонын алып шыққан. Оқиға Қайнарбұлақ тұрғын алабында болған. Түскі 14:00 шамасында үй жанып жатқаны жайында ақпарат келіп түскен. Мекен жайға жедел жеткен өрт сөндірушілер барлау кезінде қауіпті заттарды байқаған. Аға құтқарушы газ баллонының қатты қызып кеткеніне қарамастан көтеріп алып, қауіпсіз аймаққа шығарыпты.

Нұрсұлтан Әдбікәдіров, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инспекторы: «Барған кезде газ баллонды сыртқа алып шығу өте маңызды болды. Себебі ол кезде жарылу қаупі жоғары болды. Оның салдарынан үй жарылып, қасындағы көршілеріне де үлкен зардабы болар еді. Сондықтан мен үшін тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болды.»

Қызыл жалын 120 шаршы метр аймақты шарпыған. Тілсіз жаумен күресуге №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 11 қызметкері мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.

Нұржігіт Мыңбол, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары: «Біздің өрт сөндіру бөлімі есебінде 17 өрт сөндіру автокөлігі бар. Ол арнайы, негізгі және көмекші болып үшке бөлінеді. Штат бойынша 127 қызметкеріміз бар. Өрт сөндіру техникасының белгіленген уақыты бар. Біз қысқа жолды таңдап, тез жетуге тырысамыз»

Айта кетейік, бөлімге жыл басынан бері 165 шақырту түскен. Оның 7-еуі ірі өрт оқиғасы. Ал қалғаны сымдардың қысқаша тұйықталуы, қоқыс жәшігінің өртенуіне байланысты хабарламалар.