Марқұм 5 жасар қыздың әкесі бұрынғы іске үкім шығарған судьяларды жауапқа тартуды талап етті

246

Шымкентте 5 жасар қызды аяусыздықпен өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол 2 бап бойынша кінәлі деп танылып, өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушыға қатысты тағы бірнеше шара қолданылатын болады.

Сарыағаш ауданында 5 жасар қызды аяусыз қорлап өлтірген адамға қатысты сот үкімі шықты. Күдікті ретінде 48 жастағы Гаийбназаров қамауға алынған болатын. Жабық сот отырысында, ауыр қылмысын жасыру үшін бүлдіршінді қасақана өлтірді деген ол, 2 бап бойынша айыпты деп танылып, өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Дәурен Мадалиев, Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судясы: «Тараптар іс материалын зерттеп үкім етті. С. Гаийбназаров ҚҚ ҚК-нің 99 бабы 3 бөлігімен, 121 бабы 4 бөлігімен кінәлі деп танылсын. 99 бабтың 3 бөлігі негізінде кәмелетке толмағандармен 10 жылға дейін жұмыс істеуге тыйым салынып, өмірбақи бас болтандығынан айыру туралы жаза тағайындалсын»


Сонымен қатар, сот шешімімен кінәлі деп танылған азаматқа химиялық кастрация жасалып, мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылады. Сот-медициналық сараптама нәтижесімен қылмыстының психикалық ауытқушылығы жоқ екені анықталған. Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, қатаң жаза қолданбауын сұрады. Ал ызаға булыққан қыздың анасы сот залында шу шығарды.

Әкесінің сөзінше, сотталушы қызды балмұздақ алып берем деп шақырған. Кейін үйіне кіргізіп, тәтті сусын берген. Ал өзі ішімдік ішіп отырған кезде, қыздың жылаған даусын естіп, ашумен пышақ сұққан көрінеді. Нұржан Ережепов егер сезікті бұған дейін жасаған қылмысы үшін лайықты жазасын алғанда қызым тірі болар еді деп налиды. Сондықтан қылмысы дәлелденген тұрғынды үйқамаққа жібергендер де лайықты жазасын алсын деп талап қойып отыр.

Нұржан Ережепов, марқұмның әкесі: «Қызым қалай азапталды, ол да солай азапталу керек. Егер ол өткен жылы жасаған қылмысы үшін сотталса қызым тірі жүретін еді. Басы балталанған адам да Өзбекстанға өтіп қайтыс болған. Судьялар ақша алып, қылмыстыны сыртқа шығарып жіберген. Істі қарағандар да бірге жауапқа тартылу керек деп ойлаймын. Олар дұрыс қарағанда қызым тірі болар еді»

Анасының айтуынша, күдікті азамат қаза тапқан қызды бірге іздеген. Тіпті денесін таппау үшін кішкентай қыздың суға ағып кетуі мүмкін деп су жағасына да алып барыпты.

Индира Ерімбетова, марқұмның анасы: «Барлық ауыл іздедік қой. Сол кезде ол да шығып, жүріңдер ана заборға түсіп кеткен шығар деп алып кеткен барлығын»

Жәбірленушінің заңгерлері жарыссөзде қойылған талап арыздың бәрі орындалғанын айтады. Сонымен қатар, сот қаза тапқан қыздың туыстарына моральдық шығын өтеп беретін болды.

Розмат Абдусалиев, заңгер: «Сот тез өтті. Тергеушілер де істі тез тергеп, айғақ заттарды тауып берді. Тез шешім шықты. Ал бізде 100 млн. теңге моральдық шығын өтеу туралы талап беруге мүмкіндігіміз болды».

Айыпты деп танылған азамат әйелімен ажырасып кеткен. Ол үйінде жалғыз өзі тұрған. Қазір баспанасы қаңырап бос тұр. Марқұм қыздың әкесі Нұржан Ережеповтің айтуынша ол жер қазір ішімдік ішетін жерге айналған. Сондықтан ол үйді бұзып, жерін мемлекет меншігіне алуды ұсынып отыр.

Нұржан Ережепов, марқұмның әкесі: «Қазір сотталушының үйі бос тұр. Онда арақ ішетін адамның бәрі жиналып отырып, ішімдік ішетін болыпты. Онда балалар жүруі мүмкін. Сондықтан үйді бұзып, орнына қоғамға керекті нысан салса немесе жерін мемлекет балансына алса деймін. Негізі бұзамыз деп уәде берген»

Сотталушы жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркітте» өтеуі мүмкін. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.