Шымкентте осы күзде 1600-ге жуық азамат SMS-арқылы шақыру қағаздарын алады

43

 

Бұл туралы қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев ҰҚК Шекара қызметі бөліміне әскерге шақырылушылардың бірінші командасын салтанатты түрде жіберу рәсімінде айтты.

Осы күзде Шымкенттен 900-ден астам азамат әскери қызметке шақырылады. Бүгін алғашқы 26 әскерге шақырылушылар әскерге жіберілді. Бірінші команданы салтанатты түрде шығарып салу қалалық қорғаныс істері департаментінің саптық алаңында өтті. Әскерге шақырылушыларды осы маңызды оқиғамен құттықтауға қаланың ардагерлер ұйымдарының өкілдері, жалпы білім беретін мекемелердің «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері, әскери полиция бөлімінің өкілдері, гарнизонның әскери оркестрі және департаменттің жеке құрамы қатысты.

Әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеген, Қарулы Күштер ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев барлық уақытта мемлекет алдында елдің қауіпсіздігін, халықтың бейбіт гүлденген өмірін қамтамасыз етудің аса маңызды міндеті тұрғанын атап өтті.

– Өз Отаны мен халқын қорғау қасиетті парыз болып саналады. Ер адам үшін өз Отанына қызмет ету және оны қорғау азаматтық борыш болып саналады. Біздің басты міндетіміз – ата-бабаларымыздан қалған мұраны қорғау. Сіздерге денсаулық, табысты қызмет, әскери мамандықты игеру тілеймін, – деді Серікбай Оңбаев.

Департамент бастығы Әбдіғабит Құрбанұлы, Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдарында әскерге ең үздік және дайындалған жастарды іріктеу үшін барлық жұмыстар жасалытынын, міндетті түрде әскерге шақырылушыларды мамандандырылған мекемелерде – психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде тіркеулерінің жоқтығына тексеру жүргізілетінін атап өтті.

– Қазір әскерге шақырылушылармен өте үлкен, қажырлы жұмыс басталды. Оларды «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес әскерге шақырудан кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ үміткерлер арасынан іріктеп алады, – деп толықтырды полковник Әбдіғабит Шегебаев.

Салтанатты бөлімнен кейін «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілері өздерінің ағаларына музыкалық композиция түрінде патриоттық әндер орындап, сыйлық жасады.