Úı ANONS 35 сарбаз десантқа аттанды

35 сарбаз десантқа аттанды

фото ШГБҚ

Күздің алғашқы айында үшінші мегаполистен 170 сарбаз Отан шебін қорғауға шақырылды. Бүгін олардың ішінен 35 жас сарбаз Қонаев қаласындағы десанттық-шабуыл бригадасына жол тартты. Жыл соңына дейін тағы 850 сарбаз қарулы күштердің қатарына қосылмақ.

Бүгінгі 35 жас сарбаз – болашақ әуе десантшылары. Қонаев қаласына аттанған олар әскери борышын десанттық-шабуыл бригадасында өтейді. Әуе әскерінің құрамында болуды бала күннен армандаған бозбалалар үшін бұл – үлкен жауапкершілік пен мәртебе.

Бақдәулет Әбдімәулен, әскерге шақырылушы: «Өзім бала күннен армандап келдім. Десант болуды. Әскерге баруды. Өзімнің қатарластарыма, достарыма бәріне айтарым сол. Әскерге барыңдар. Отан алдындағы борыштарыңды өтеңдер. Әр еркектің ол парызы».

Әскери бөлім өкілдерінің айтуынша, жас сарбаздар гранататқыш, мергендік, атқыштық сияқты қару-жарақ машықтарын меңгеріп, жауынгерлік дайындықтың қыр-сырына қанықпақ. Бір жылдың ішінде әр сарбаз екі рет парашютпен секіруге мүмкіндік алады.

Мадияр Қыдырәліұлы, 99300 әскери бөлімнің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:  «Бұл 35 сарбаз қазан айының соңына дейін алғашқы әскери дайындықтан өтіп, әскери ант қабылдайды. Анттан соң алғашқы әуе десантынан өтіп, өздеріне тағайындалған лауазымдарында қызмет етеді».

Сарбаздарды шығарып салу рәсіміне ата-аналары, колледж түлектері мен аға буын өкілдері қатысты. Ақ жол тілеп, батасын берген жандар жас өркендерге жігерлі болуды аманат етті.

Айта кетейік, биыл жыл соңына дейін еліміздің қарулы күштері қатарына тағы 850 сарбаз шақырылмақ.

Ботакөз Әнуар