Әл-Фараби ауданының полиция басқармасына сауда орталықтарының бірінде орналасқан дүкеннен киім-кешектер ұрлағаны туралы хабарлама келіп түсті. Орта жастағы екі әйел сатып алушылардың кейпіне еніп, сауда нүктесінен балалар, ерлер және әйелдер киімдеріне толы екі сөмке алып шыққан.
Оқиға орнына дереу жедел топ барды. Күдіктілер сауда орталығынан шығып үлгермеді. Тәртіп сақшылары оларды бірден ұстады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі «адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық» бойынша тіркеді.
Жеңіл пайданы көздегендер туған әпкелі-сіңілі екені анықталды.
— Ұсталғандарға қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған тауарлар дүкенге қайтарылды. Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде – , деді тергеуші Еген Елшібек.