30 жыл ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған

28

Шымкентте 5700-ден аса педагог 2 мен 6 жас аралығындағы балақайларға тәрбие беріп келеді. Соның бірі 30 жылдық жұмыс өтілі бар маман Гүлфайруз Елікбаева. Ол балаларға тәрбие беру барысында ұлттық құндылыққа баса назар аударатынын айтады.

Үлгілі маман Гүлфайруз Елікбаева 30 жылға жуық балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп келеді. Ол өзін, тәрбие саласына, небәрі 21 жасында балаға деген махаббаты алып келгенін айтады. Себебі ұстаз атану бала күнгі арманы екен. Сол жолда білім алып, қазір бүлдіршіндерге сапалы тәрбие беріп отыр.

Гүлфайруз Елікбаева, тәрбиеші: «Балаларды жақсы көремін. Сондықтан осы тәрбиеші мамандығын таңдадым. Әр мамандықтың өз қиындығы болады. Сол қиындық бола тұра періштедей балаларды көргенде бәрін ұмытып кетемін».

Тәрбиеші жас өскін балақайдың санасына ұлттық кодымызды сіңіруге баса назар аударатынын айтады. Ол үшін күнделікті жұмыс үрдісінде дәстүрлі қазақи ойындарды қолдануды әдетке айналдырған.

Гүлфайруз Елікбаева, тәрбиеші: «Асық терапиясын балаларымызға 2 жастан бастап қолданамыз. Ол баланың ұлттық сезімін қалыптастырып, ұлттық ойынды жаңғыртады. Оны қимыл қозғалыс кезінде қолданамыз. Ол баланың моторикасын дамытуға көмектеседі»

Ал №106 «Ердәулет» бөбекжай бақшасының ашылғанына 40 жылға таяды. Мұнда 32 педагог балақайларға алғаш қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатады. Мекеме басшылығы озық технология арқылы 280 балаға тәрбие беріп отырғанын айтады.

Гүлмира Сманова, №106 «Ердаулет» бөбекжай бақшасының әдіскері: «Қазіргі стандартқа сай, әр сыныпта заттық кеңістікті дамыту орталықтары жұмыс істейді. Тәрбиешілеріміз осы ортаны толықтырып, балаларға білімдерін беріп жатыр. Біз оқуға құштар балақай тақырыбында озық тәжірибе жұмыстарын жүргіздік. Соның аясында дидактикалық ойындар мен ертегімен толықтырылған»

Айта кетейік, биыл Шымкентте 78 мыңнан аса бүлдіршін мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Оларға 605 мекемде 5700-ден аса педагог тәрбие береді.