Дархан Сатыбалды «Арманда» республикалық форумының жетекшілерімен бас қосты

36

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Арманда» республикалық форумының жетекшілерімен бас қосты. Өңір басшысы медиаменеджер Арман Дәулетяров пен қоғам белсендісі, журналист Ләйлә Сұлтанқызымен кездесуінде бизнес форумдағы өзекті тақырыптарды талқылады. Атап айтқанда, онда белсенділер отбасы құндылықтары мен бала тәрбиесі және тұлғалық даму мәселелері жайында өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.

Түркістан төрінде өткен бизнес форумда жетекші мамандар отбасы мәселелері, тұлғалық даму турасында өз тәжірибелерімен бөліскен болатын. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды осы лектегі республикалық маңызы бар шаралардың облыс орталығында өткізілуін әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістан туризм орталығына айналып келеді. 5 жылда үлкен өзгерістер орын алды. Түркістанға халық тек зиярат ету ғана емес, кемінде бірнеше күн қасиетті өңірдің кереметтерін тамашалауға жағдай жасалынады. Солардың бірі ретінде экотуризм, медициналық туризм секілді басқа да бағыттарды дамыту арқылы ауқымды жоспарды жүзеге асыруға күш салынып жатыр».

Жиында танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы форумға келушілердің дайындығы жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жоспарын ортаға салғандардың арасында жастардың бизнес жобалары ерекше көзге түскен.

Ләйлә Сұлтанқызы,  журналист: « Мұндағы аудиторияның құрамын білу үшін сұраныс сұрадым. Қыз келіншектер өте көп. Бір таңқалғаным жастардың белсенділігі жоғары. Бір қызды мен кеше ТикТокқа салдым, өте үлкен қаралым жинап жатыр. 3 минутта жоспарыңызды таныстырып кетші дедім. Ол мен спонсор іздеп жатырмын, қонақ үй бизнесті ары қарай дамытқым келеді деді. 3 минуттың ішінде өз жоспарын айтқанда, тым жас болған соң ондай дүниелер айтпайтын шығар деп ойладым. Бұл  жастардың білімділігін көрсетеді».

Жетекшілердің айтуынша, аталған форум Астана күніне орай ұйымдастырылған болатын. Елордадағы іс-шара аяқталған соң бұл форумды республика көлемінде өткізуге ұсыныс берілген. Мұндағы мақсат – қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік сыйлайтын орта қалыптастыру, жастардың рухани дамуына жол ашу.

Арман Дәулетияров,  белгілі медиаменеджер: «Қайырымдылық, отансүйгіштік, үлкендерге деген құрмет, бүгінгі таңда отбасы құндылықтарына қатысты мәселелер көтерілді. Жобаға қатысушылар өз саласына қатысты проблемаларды айтып, сахнада соны талқылады. Онда дін саласының тәжірибелі маманы Нұрлан имам отбасы құндылығын түсіндірді. Мұнда келген екінші себебіміз, отандық туризмді дамыту болып табылады. Өңір жастарымен кездесіп, әлеуметтік осал топтағы азаматтармен жүздесіп, жәрдемдесу болды».

Қазақ қоғамында бүгінгі уақытта өзекті отбасы институты мәселесі, ондағы ер мен әйелдің рөлі, тұлғалық даму және дін мен ұлттық салт -дәстүрлердің дәріптелуі жиі талқыға салынады. Танымал спикерлерден жасақталған азаматтар әлеуметтік желіде жиі талқыланатын мәселелер төңірегінде сөз қозғап, кәсіп бастағысы келетін жастарға да бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ,табысты кәсіпкер атанудың құпияларымен бөлісті. Бұл шараға әлі елдің 17 қаласында өткізілмек.