Қазақстан азаматтары үшін виза алу жеңілдейді

34

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров қазақстандықтар үшін Еуропалық одаққа кіретін виза тәртібін жеңілдету мәселесін түсіндірді. Биыл сыртқы істер министрі Брюссельге барды. Сапар барысында Еуропалық одақтың виза мәселесіне жауап беретін жоғары лауазымды тұлғалармен кездесу өтті. Смадияровтың айтуынша, екі тарап қазақстандықтар үшін виза тәртібін жеңілдету жөнінде саяси шешімге келді.

«Өткен аптада консулдық мәселелерге жауапты сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстандағы Еуропа елшіліктерінің өкілдерімен кездесті. Сонда еуропалық тарап осы мәселеге қатысты үлкен қызығушылықтың бар екенін растады. Барлығы бұл бағытта жұмысты жалғастыруға дайын», – деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Министрліктің ресми өкілі нақты мерзімді атаған жоқ. Себебі Еуропалық одаққа кіретін 27 елдің әрбірімен келісу керек.
«Біз міндетті түрде алдымен әрбір елмен жеке-жеке сөйлесеміз. Әрі қарай Брюссельде тағы талқыланады», – деп атап көрсетті Смадияров.
Виза тәртібін жеңілдету аясында құжаттарды қарастыру мерзімін қысқарту, консулдық алымның мөлшерін төмендету және тағы басқа мәселелер қаралады.