Сарыағашта 5 жасар қыздың өлімінен соң басы дауға қалған сот төрағасы жаңа қызметке тағайындалды

1379

(Фото trk.sud.kz/коллаж Otyrar.kz)

Сарыағаш ауданында педофил қолынан айуандықпен өлтірілген 5 жасар қыздың оқиғасынан кейін басы дауға қалған сот төрағасы жаңа қызметке тағайындалды. Аудандық соттың экс-төрағасы Нұрқазы Шетенов енді сол ауданда судья боп еңбек етеді.

Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Бүгін Сарыағаш ауданының судьясы ретінде жұмысқа кірістім. Мен бұл жазбамда адам өліміне тікелей қатысы жоқ судьяларды немесе басқа да лауазымды адамдарды жазалау арқылы біз жағдайды жақсы жаққа түзетпейміз деген пікірмен бөлісуге тырысамын. Қайта керісінше, менің мысалымдағы практика бүкіл судьялар корпусына теріс әсер етіп, артық қысым мен кәсіптің беделінің төмендеуіне әкеледі…» деп жазды судья.

Бұдан өзге Нұрқазы Шетенов бұған дейін адам өлтіргені үшін түрмеде жазасын өтеп шығып, одан кейін танысын балтамен ұрған ер кісіге (5 жасар қызды зорлап, пышақтап өлтірген педофил:авт) неліктен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілгенін түсіндірген.

Еске салсақ, Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында ойнап жүрген 5 жасар Еркежан Нұрмаханды көршісі үйіне алдап кіргізіп, кейін зорлаған. Мұнымен қоса 48 жастағы ер адам кішкентай қызды айуандықпен өлтірген. Үйінен шығып, қайтып оралмаған бүлдіршінді бүкіл ауыл болып жан ұшыра іздеген еді. Кешкі уақытта қыздың мәйіті көршісінің үйінен табылды. Оқиға 13 шілде күні болған. Сот үкімімен педофил кінәсі дәлелденіп, өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушы химиялық кастрациядан өтуі керек.

Айта кетейік, 48 жастағы ер адам 2006 жылы адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталып, 2014 жылы шартты мерзімінен бұрын босатылған. Ал биыл көктемде өзімен бірге жалдамалы жұмысшы боп істейтін танысын жанжал кезінде балтамен ұрғанына қарамастан судья Нұрқазы Шетенов оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.

5 жасар қыздың өлімінен кейін аудандық сот төрағасы Нұрқазы Шетенов өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Ол 6 қазанда аудандық сот төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьясы қызметіне тағайындалды.