Сот автоблогер Руслан Жанпейісовтің ісін қысқартты. Судья істің қылмыстық құрамы жоқ деп тапты. Оған «полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады, жұмысына кедергі етті, оларға құрметсіздік танытты» деп айыптап, әкімшілік хаттама толтырған еді.
Кеше кешке автоблогер әрі заңгер Руслан Жанпейісов атымен танылған 46 жастағы Бейбарыс Райымбековтің ісін сот қысқартты. Шымкент қалалық әкімшілік соты оның әрекетінде құқықбұзушылық жоқ деп тапты.
СЕРІК НИЯЗБЕКОВ, СУДЬЯ:«Әкімшілік кодекстің 667-бабы 1-тармағымен Райымбеков Бейбарыс Кенжеғалиұлына қатысты қозғалған әкімшілік іс құрамының болмауына байланысты қысқартылсын».
Жанпейісовтің ісін сотқа полиция инспекторы әкелген. Полицияның әкімшілік хаттамасында автоблогер «полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қоғамдық тәртіпті бұзған, өз әрекеттерімен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне құрметсіздік танытты» деп жазылып, сол үшін айптаған.
«Менің қызылордалық полицейлерге бір сұрағым ғана қалды. Олар аялдамада тұр. Дендросаябақ деген аялдамада тұр».
Сотта Жанпейісовтің қалада жүргізілген рейд кезінде түсірген видеосы көрсетілді. Онда жауапкер полиция қызметкерлерінің жанына барады. Тікелей эфирде полиция қызметкерлеріне өзі заңға қайшы деп тапқан жайттар бойынша сұрақ қояды. Дегенмен сотта әкімшілік хаттама толтырған инспектор оның бұл әрекетін тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі етті, құрметсіздік танытты деп жауап берді. Бірақ қай әрекетімен жасағанын дәлелдеп бере алмады.
Соңында инспектор әкімшілік хаттаманы 10 полицейдің Жанпейісовтің үстінен жазған баянаты негізінде толтырғанын мойындады. Сот инспекторға қатысты жекеше қаулы шығарды. Айта кетейік, автоблогер 22 сәуір күні түнде Бәйдібек би даңғылы бойында рейдтік шара өткізіп жатқан қызылордалық полицейлердің жанына барып, олардың іс-әрекеттерін көрсетіп, пікірін айтқан. Көп өтпей полиция Жанпейісовті жұмыс орнынан ұстаған. Қамауға алу туралы тиісті құжатты толтырмай, тергеу изоляторына қамап тастаған.
Дилара Иса






