Эстониялық профессор жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөлісті

22

Флебология және лазерлі медицина клиникасында Еуроодақ пен Қазақстан ынтымақтастығының аясында Эстониялық профессор Маргус Аннуктың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Эстониядағы Денсаулық сақтау жүйелерінің іргелі қағидаттары, озық еуропалық цифрлық платформалар тәжірибесін ҚР Денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Конференцияға эстониялық сандық медицина саласының профессорынан құнды ақпарат алуға қалалық және облыстық емханалардың дәрігерлері жиналды. Олардың қатарында тамырлар хирургі Дмитрий Росуховский де бар. Дәрігер күнделікті жұмысында заманауи технологияларды белсенді қолданып, бүгінгі жиыннан көптеген пайдалы мәліметтер алдым дейді.

Дмитрий Росуховский, қан тамырлар хирургі: «Күндіз дәрігер Маргуспен Эстонияда қолданылатын сандық технологиялардың ерекшеліктерін талдадық. Мен израильдік сандық медицинаның қызмет көрсетуі мен денсаулық сақтау жүйесінің жұмысымен таныс екенімді айттым. Жиналған тәжірибелі дәрігерлермен медқызметті өркендету жолы мен оның қолжетімділігін арттыру бағытында кеңестік»

Эстониялық электронды денсаулық сақтау жүйесі – әлемдегі ең жоғары деңгейдегі жүйелердің бірі. Бұл жүйе барлық ресми медициналық сұрақтарды шешуге мүмкіндік береді. Мәселен, мұнда көрсетілген науқастың медициналық тарихы, сараптама деректері арқылы маманға диагноз қою, қысқа мерзімде емдеу жолын көрсетуге жол ашады.

Маргус Аннук, эстониялық профессор: «Сандық жүйе медицинаның барлық саласын қамтиды. Бұл жүйеде біз қағаз құжаттарды, қаламды қолданбаймыз, тек цифрлық технологияны қолданамыз, яғни осы арқылы біз, диагноздан бастап емдеуге дейінгі барлық мәселелерді шеше аламыз. Жұмыс аясында барлығы жүзеге асып жатыр. Тәжірибемен бөлісуге қорқпай, керісінше осы салада еңбек ете беру керек».

Флебология және лазерлі медициналық емхананың бас дәрігері Рустам Келімбетовтың сөзінше, сапалы медицина кез келген азаматқа қолжетімді болу қажет. Ол үшін жасанды интеллектті дамытып, шетелдік әріптестердің тәжірибесін енгізіп, елімізде кеңінен қолдану керек.

Рустам Келімбетов, флебология және лазерлі медицина клиникасының бас дәрігері: «Бүгін бізге  Эстониядан профессор, медицина ғылымдарының докторы қонаққа келді. Мақсаты біздің бас дәрігерлер, орынбасарлармен заманауи жаңа методикалық емдеу шаралары, диагностикалық шаралармен бөлісу. Одан кейін ол Эстонияда, Еуроодақта ең бас мамандардың бірі. Электронды денсаулық сақтау жүйесін енгізу, жасанды интеллектті енгізу сондай жүйелермен айналысып жатыр. Солармен бөлісу үшін қазір ол бүгін Қазақстанға келіп, Шымкентке тоқтап, әріптестермен кездесіп, ары қарай Алматы мен Астанаға кетеді».

Бүгінде Қазақстанда сандық медицина дамып келеді. Флебология және лазерлі медициналық клиникасы заманауи технологияларды пайдаланып, медициналық қызметтің сапасын көтеру мақсатында шетелдерден біліктілігі жоғары мамандарды тәжірибе алмасуға шақырады.