Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Ақжар» қосалқы станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігермен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады.
Осыдан төрт жыл бұрын құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 732 шаршы метрді құрайды. Қазіргі кезге дейін 13,6 шақырымға кабель тартылды.
Станцияға 110 кВ-тық трансформатор, «Забадам» қосалқы станциясынан «Ақжар» қосалқы станциясына дейін ұзындығы 15,2 шақырымды құрайтын 110 кВ-КЛ жабдықтары орнатылады.
Жоспар бойынша нысан құрылысы 2024 жылдың сәуір айында аяқталады. Жаңа қосалқы станция іске қосылғанда 50 мыңға жуық халық және сол аумақтағы бизнес объектілері сапалы электр қуатымен қамтылады.
Қала әкімі құрылысты аралау барысында тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеп, жұмыстың мерзімінде орындалуын қадағалауды тапсырды.