«Интимдік фотоларды таратамын»: Өзбекстан азаматы шымкенттік тұрғыннан ақша бопсалаған

522

Шымкент тұрғыны әлеуметтік желіде жігітпен танысамын деп басы дауға қалды. Өзбекстанның 34 жастағы азаматы жәбірленушіден ақша бопсалаған.

Қала тұрғыны дереу полицияға арызданыпты. Айтуынша, әлеуметтік желіде ер адаммен танысып, олар бірнеше ай бір-бірімен хат алмасқан. Осылайша ер адам оның сеніміне кіріп, жеке деректері мен фотосуреттеріне, соның ішінде интимдік суреттерге қол жеткізген. Кейін бұл фотоларды жақындарына таратамын деп қорқытып, қала тұрғынынан ақша талап ете бастаған.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы операцияның нәтижесінде бопсалаушы Атырау қаласында ұсталды. Ол Өзбекстанның 34 жастағы азаматы болып шықты. Қылмыстық кодекстің 194-бабы «Бопсалау» бойынша тергеу жүргізіліп жатыр» делінген полиция мәліметінде.

Айта кетейік, қазіргі таңда күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.