Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалап, мүлкін тартып алумен айналысты деген күдікпен 10 адамнан тұратын топ құрықталды. Олардың 20 мен 40 жас аралығындағы азаматтар екені анықталды.
Күдіктілер 2 кәсіпкерге тұрақты түрде қоқан-лоққы жасап келген. Сол арқылы BMW және ВА3-2114 маркалы жеңіл көлігін заңсыз алып қойған көрінеді. Оған қоса сезіктілерден еліктіргіш заттар мен қару-жарақ тәркіленді. Қазір топтың ең белсенді 4 мүшесі қамауға алынып, тергеу жұмысы жүріп жатыр.
Құдияр Нұрсейітов, ҰҚҚКБ бастығының орынбасары: «Олардың басым бөлігі бұрын соңды бірнеше рет сотталғандар. Ұсталғандар ұзақ уақыт бойы жергілікті екі кәсіпкерді қорқыту және күш қолдану арқылы ақша бопсалап, автокөліктерін заңсыз иемденіп алған. Тексеру кезінде төрт атыс қаруы, оқ-дәрілерімен, есірткі құралдары және өзге де заттай айғақтар тәркіленді. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр».