Шымкентте алғаш рет  кибер-шериф  жүйесі  іске қосылды 

22

Миллионнан астам тұрғынның жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкентте  кибер-шериф автоматтандырылған жүйесі  іске қосылды.

Аталған жүйе – жол ережесін бұзушы, қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтауға және автоматты түрде жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Бұл- жол апаты жағдайларының санын азайтуға және оның алдын алуға зор үлес қосады.

Заманауи құрылғы 8 бейнекамерадан тұрады. Бір сәтте 360 градус аумақты шолу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, жол үстінде орын алған заң бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, жүргізушілерге хабарлама жібереді. Бұл тұста патрульдік полицейлер кибер-шерифтің  қызметіне араласпайды. Алайда, бейнекамералардың жұмыс нәтижесі тәртіп сақшыларының  планшеттеріне түсіп отырады.

Аталған кешеннің тағы бір ерекшелігі – көлік салонын аудио және бейне жазбаға түсіріп алуға қауқарлы. Бұған қоса, оқылмайтын, көрінбейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алыстан танып, ұрланған көліктерді немесе борышкерлердің темір тұлпарын бірден анықтайды. Сонымен қатар, қарсы жолақта келе жатқан автокөліктерде сақтандыру полисінің және техникалық байқаудан өткені туралы куәліктің бар-жоғын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, Шымкент полицейлері жол ережесін қатаң сақтауды ескертеді.