Шымкенттік жас жігіт көшеде марихуана шегіп тұрған жерінен ұсталды. Оның бұл әрекетін Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары байқап қалған.
Жас жігіт достарының ортасында қолына түтік ұстап тұрған. Мән-жайды анықтау үшін дереу оқиға орнынн патрульдік полицейлер мен учаскелік полиция қызметкерлері жіберілген.
Сасқалақтап қалған жігіт дереу есірткі шегуге арналған түтіктен құтылуға тырысып, тәртіп сақшыларының көзінше оны лақтырып жіберген. Алайда оның бұл әрекеттері көше бейнекамераларына түсіп қалды. Бұдан өзге ұсталған адамның шұлығынан марихуананың пакетке салынған бір реттік дозасы жасырынғаны анықталыпты.
Аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.