Сұйытылған газ бағасы қымбаттайды

22
Келер жылдың бірінші тоқсанында сұйытылған газдың бір литрі 5 теңгеге қымбаттайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов мәлімдеді.
Министрлік газдың бағасын жыл сайын көтеруді жоспарлап отыр.
«Баға бірден көтерілмейді. Біз жарты жыл сайын өсіріп отыруды жоспарлаудамыз. Ал үш-төрт жылдан кейін ыңғайлы бағаға шығамыз. Біз инфляция деңгейін де ескердік», – деді Жамауов брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, Энергетика министрлігі сұйытылған газдың айналымын бақылауда ұстап отыр. Сол себепті ведомство бағаның күрт көтерілуіне жол бермейтіндіктерін айтады.
Қазіргі кезде сұйытылған газды тұтыну көлемі айына 140-145 мың тоннаны құрап отыр. Ал өндірілетін отынның мөлшері одан аз, айына – 130-135 мың тонна.
«Бұған дейін біз «Теңізшевройл»-мен қосымша 10 мың тонна газды жеткізу бойынша келісімге келдік. Бұдан бөлек, «КазРосГаз» компаниясы 2024 жылы қаңтар айынан бастап «Орынбор» мұнай өңдеу зауытынан қосымша газ жібереді. Жылдың басында сұйытылған газдың экспортына толығымен тыйым салынды», – дейді вице-министр.
Мамандар қазіргі кезде ішкі нарықта газ тапшылығы жоқ деп сендіріп отыр. Алайда көлік жүргізушілері оны көп жағып жатыр. Жыл басынан бері 300 мыңнан астам көлік иесі газ қондырғысын орнатып алған екен.