Заңсыз көші-қон ұйымдастырған ер адамның үйінен 30 шетелдік анықталды

36

Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданының аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырумен айналысқан адамның қылмыстық әрекеттерін тоқтатты. Бұл бойынша Полиция департаментінде өткен брифингте полиция полковнигі Құрманбек Сахов айтып берді.

– Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында полицейлер Өзбекстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік шекара арқылы заңсыз кіру және шығу үшін сыйақыға қызмет көрсеткен жергілікті тұрғынды анықтадық. Жүргізілген арнайы операцияның нәтижесінде жедел уәкілдер Сарыағаш ауданының тұрғынын, шекарадан кедергісіз өту бойынша қызмет көрсеткені үшін 130 000 теңге сомасында ақшалай қаражат алған сәтінде ұсталды. Тінту кезінде күдіктіден 2,5 миллион теңгеге жуық ақша, 2 ұялы телефон мен құжаттар тәркіленді.
Сонымен қатар полицейлер тұрғынның жаздық үйін тексеру кезінде, елде болу мерзімін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматын анықтады. Оларға ұсталған ер адам Өзбекстанға кедергісіз шығуға кепілдік берген.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша ҚР ҚК 394-бабы 1-бөлігі «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.