Úı ANONS 18 жыл шопан болған шетелдік еліне қайта алмай отыр

18 жыл шопан болған шетелдік еліне қайта алмай отыр

Өзбекстаннан келген қарт азамат Шымкенттегі әлеуметтік бейімдеу орталығына түсті. 72 жастағы Валерий Морозов шамамен 20 жыл бұрын Қазақстанға нәпақа табу үшін келген. Алайда аңғал мінезінің салдарынан жосықсыз жұмыс берушілердің қолына түсіп, кейін құжатсыз қалған. Салдарынан, еліне қайта орала алмаған. Шетелдік азаматтың ауыр тағдары жайында алдағы бейнематериалда баяндаймыз.

 

Валерий Морозов Шымкентке Өзбекстанның Шыршық қаласынан келген. Ол ұзақ жылдар бойы шопан болып жұмыс істеген. 18 жыл бойғы ауыр еңбектен кейін оны қаладағы хостелдердің біріне әкеліп тастаған. Еңбекке жарамдылығынан айырылған соң, қажетсіз адамға айналған. Қазір азаматтығы жоқ, баспанасыз қалған қария өз тағдырына бейжай қарамайтын жандардың көмегіне үміт артып отыр.

«Өзбекстаннан жұмыс істеу үшін келдім, солай бәрі басталды. Құжаттарым Өзбекстанда әйелімнің туысының қолында қалған еді. Ол кейін Ресейге кетіп, сол жақта қайтыс болды. Құжаттардың қайда кеткені белгісіз».

Қараусыз қалған 72 жастағы азамат, белгілі тұрақжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жылдан бері тұрып келеді. Оған, «Lider.kz» еріктісі Людмила Герасимова  азық-түлік пен жылы киімдер беріп, апта сайын қол ұшын беріп келген.

ЛЮДМИЛА ГЕРАСИМОВА, «LIDER.KZ» ЖОҒАЛҒАН АДАМДАРДЫ ІЗДЕУ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Құжаттарын алған соң, зейнетақысын рәсімдеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Валерий ағайдың көзіне ота қажет, ол қазір дерлік ештеңе көрмейді. Мемлекет тарапынан қолдау болып, операция жасалса деп үміттенеміз. Көзі көрсе, қайтадан еңбек ете алады».

Құжаттарды және өмірбаяндық деректерді қалпына келтіру оңай болмаған. Бұл іспен «Сана сезім» құқықтық орталықтың заңгерлері айналысты. Орталықтың атқарушы директоры Вера Закутная істің күрделілігі азаматтың жиі қоныс аударуына байланысты болғанын айтады.

ВЕРА ЗАКУТНАЯ, «САНА СЕЗІМ» ҚҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: «Оның қолында ешқандай құжат болған жоқ. Заңгерлер ең алдымен туу туралы куәлікті қалпына келтіруден бастады. Кейін басқа елдерге сұрау салулар жіберіліп, ол мемлекеттерде азаматтық алған-алмағаны нақтыланды. Барлық құжаттар жиналған соң, іс қалалық көші-қон қызметіне тапсырылды».

Қазіргі таңда Валерий Морозов азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін алды. Ал жеке куәлік алу үшін рәсімдеу шығындары мен құжатты уақытында алмауына байланысты айыппұлды төлеу қажет. Бұл қаражатты «Lider.kz» еріктілерімен бірге айтулы азматтың жағдайына бейжай қарамаған шымкенттіктер жинап берген.

 

«Сана сезім» орталығының мәліметінше, мұндай жағдайлар сирек емес. Өткен жылы орталық арқылы 421 адам құжаттандырылған. Қазіргі уақытта тағы 120-дан астамның ісі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Нұргүл Жолымбетова