Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінен 40-тан астам алаяқтық қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталды.
Түркістан облысының тұрғыны полицияға арызданып, белгісіз біреу әлеуметтік желідегі парақшасын бұзып кіріп, атын жамылып таныстарынан ақша сұрағанын айтқан. Келтірілген шығын көлемі 55 мың теңгені құраған. Күдіктінің тағы осындай 42 қылмыстық іс бойынша іздеуде жүргені анықталды.
«Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабының интернет алаяқтық қылмысымен тіркеуге алынды. Жедел іздестіру нәтижесінде Жамбыл облысының тұрғыны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен құрықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды»,- дейді Түркістан облысы ПД «Cyberpol» арнайы тобының жедел уәкілі Жантілеу ӘНУАРБЕК.
Күдіктінің жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық. Полиция тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін екенін жеткізді.