Бурабайға кіру ақысы қымбаттайды

33
фото borovoe.kz

Келер жылдан бастап «Бурабай» МҰТП ұлттық паркіне кіру үшін төленетін тариф сомасы өседі, деп хабарлайды парктің баспасөз қызметі. «2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке және заңды тұлғалардың автокөліктерінен ұлттық парк аумағында болған әрбір күн үшін төлем алынады», — делінген хабарламада.

Былтыр Салық кодексінің 591-бабына мемлекеттік ұлттық парк аумағына көліктерді кіргізгені үшін алым алу мәселесі бойынша өзгеріс енгізілген болатын. Осыған орай, жаңа жылдан бастап еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіруге жаңа төлем ставкалары бекітілді.

 

Бурабайға кіру құны

2024 жылға арналған алым мөлшері:

жаяу жүргінші – 0,1 АЕК (369 теңге);

мотоцикл, мопед, квадроцикл үшін – 0,2 АЕК (738 теңге);

жеңіл автокөлік – 0,3 АЕК (1 108 теңге);

сыйымдылығы 16 орынға дейінгі шағын автобус пен жүк көлігі – 1 АЕК (3 692 теңге);

32 орынға дейінгі автобустар – 2 АЕК (7 384 теңге);

32-ден астам орындық автобус – 3 АЕК (11 076 теңге).

Айта кетері, 2024 жылдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңгені құрайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан елді мекендерде тұратын және сол жерде орналасқан саяжайлары бар жеке тұлғалар төлемнен босатылады.
«Бурабай, Бұланды және Еңбекшілдер аудандарының ұлттық парк аумағынан тыс орналасқан елді мекендерінің халқы жалпы негізде ақы төлеуге міндетті. Бұл ұлттық паркпен іргелес жерлерде тұратындарға да қатысты», — деп атап өтті парктегілер.